Спорт

Желаяқтар жарысы Жеңіс күніне арналды

 

Жарысқа қатысуға 200 белсенді қала тұрғыны ниет танытқан. Олардың дені мектеп оқушылары мен жасөспірімдер. Барлығы да Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестерімізді ұлықтап, құрмет көрсетуге жиналып отыр.

 

Ольга Сушко, шараны ұйымдастырушы:

– “Жеңіс бояуы” атты спорттық жарыс алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Былтыр да дәл осындай шара ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі жарысқа келгендердің барлығына сертификаттар табысталмақ.

 

Салауатты өмір салтын ұстанған жастар Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған ескерткіштен қалалық мәдениет және демалыс саябағына дейін жүгіріп өтті. Жол бойында арнайы белгіленген 4 жерде балғындарға көк, қызыл, жасыл және сары түстерден ұнтақтар шашылды. Мерекелік шара спорттық қойылымдармен жалғасты. Киімдері түрлі-түсті бояумен былғанған балалардың көңілдері көтеріңкі. Олар осындай бейбіт заманда күн кешіп жатқандары үшін соғыс ардагерлеріне алғыстарын білдіріп жатты.

Жарыс соңы концерттік бағдарламаға ұласып, кейін барша қатысушыларға сертификат табыс етілді.

 

Бақыт Сәдуақасов