Отандық тауар өндірушілерді қолдау

Билік

15:46 11 Мамыр 2014

Астана қаласының даму институттары өкілдерімен өткен кеңесте жергілікті қамтуды жетілдіру мәселесі сөз болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жергілікті қамтудың 20 пайызға артқандығы байқалады. Яғни, 33 пайыздан 55-ке дейін өскен. Бірақ   Самат Ескендіров өңіріміздің бұл тұрғыда даму қуаты әлд қайда жоғары екендігін тілге тиек етті.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бұл жеткіліксіз, бізде резервтер бар. Әсіресе мемлекеттік сатып алуларда. Бұл орайда жергілікті қамтудың үлесі төмен. Меніңше, біз кейбір сәттерді дұрыс пайдалана алмадық.

Жиында сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысу қажеттігі де айтылды.

Ескен Әкімжанов, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Облыста жергілікті қамту үлесінің қорытындысы мынаны байқатады. Мемлекеттік сатып алуларға қатыстатын көп жеткізушілердің тауарларына деген сертификаттары болмайды. Мәселен, өткен 2013 жылы өңіріміздің 849 кәсіпорнының 42-сі отандық қамтудың есебін жасамаған. Нәтижесінде бұл отандық қамтудың үлесіне кесірін тигізді.

Кеңесте сөз алған жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігінің төрағасы Қайрат Бектүргенов солтүстікқазақстандықтарға қазақстандық қамту порталын қолдану тиімді екенін айтты. Өйткені, портал отандық өндірушілерге олардың тауарларына деген сұраныс жайында ақпарат бере алады.

Қайрат Бектүргенев, “NADLoC” жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігі” АҚ төрағасы:

– Біз сараптама жасайтын кезде осы каталогқа кіріп, өзімізде қандай өнімдер шығарылатынын және қайсысын қорғау керектігін байқаймыз. Халықаралық компаниялардың дені біздің кәсіпкерлерде қандай сертификаттар бар екендігін қарайды.

Отандық өндірушілермен әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет. Бұл жергілікті қамтуды жетілдіруге бағытталған тағы бір мүмкіндік.

Әділет Әбілқайыров, “Самұрық- Қазына-Контракт” ЖШС бас директорының орынбасары:

– Қазіргі уақытта отандық тауарөндірушілер қор компаниясымен ұзақ мерзімді 534 келісім шарт жасасқан. Сомасы 912 млрд теңге. Оның 29-ы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша. Қарастырылған сома 21 млрд теңге.

Бүгінгі күні жергілікті қамтуды дамыту бойынша облыста 5 жүйе құраушы кәсіпорын жұмыс істейді.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Қандай да бір ұлттық компаниялармен келісім шарт жасасу үшін біз әкімдік тарапынан барлық қолдауды көрсетеміз. Бұл орайда біздің жүйе құраушы зауыттарымыздың ішінде тек үшеуі ғана “Қаз инженеринг” компаниясымен келісімге отырған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керек.

Бас қосу соңында өңірде жергілікті қамту өнімін әрі қарай дамыту үшін СҚО әкімі Самат Ескендіров пен “NADLoC” АҚ ұлттық агенттігінің өкілі екі жақты меморандум жасасты.

Бану Ахметова