Бизнес және экономика

Отандық өнім өндіруді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

 

Елордадан ат терлетіп келген меймандардың көздегені – жергілікті қамтудың түйіткілді мәселелерін анықтау. Өңірлік тауар өндірушілердің бәсекелестігін арттырып, нарыққа шығарудың жолдарын табу. Бұл біріншіден, отандық үлестің артуына сеп болмақ. Әсіресе өлкеміздің жер асты пайдалы қазбалары жөнінен әлеуеті зор. Кен өндірісін дамытуға алғышарттар жетіп асады.

 

Ерлан Әукенов,СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз бүгінде қалайы мен цирконий қоры бойынша Қазақстанда көш бастап тұрмыз. Аса сирек кезігетін мыс, күміс өлкемізден анықталған 256 кен орнының тек 50-і ғана өндіріске көшкен. Дегенмен, олардың да барлығы бірдей толық қуатта жұмыс жасап жатқан жоқ. Бұл іске жан бітірсек, жаңа жұмыс орындары құрылады, өңір экономикасы өседі. Ниеттілер бар. Бірақ кәсіпкерлер бірқатар мәселелерге тап болуда. Оны шешуде жергілікті билік өкілдері қолынан келгенін жасайды. Бұл облыс әкімінің тапсырмасы.

 

Өңірге жұмыс сапарымен келген қос институт мамандарының мақсаты бір -Қазақстанның өндіріс саласының өрге домалауына қолғабыс болу. Үздік технологиялық үрдістерді қолданып, жеке ісін ашамын дегендерге демеу жасау. Тіпті сан қилы келісімдер мен іс жүргізу жөнінен кәсіби кеңес жасалады. Бастысы кәсіпкер өзі де бизнесін дамытуға талпынуы тиіс.

 

Шыңғыс Бақанов, “Самұрық-Қазына-Контракт” ЖШС департаментінің директоры :

– Басты мақсатымыз отандық тауар өндірушілерді жұмыспен қамту. Ол үшін түрлі келісімдер жасауға септесеміз. 2012 жылы тауарлардың қазақстандық үлесі 47 пайызды құраған. Былтыр бұл көрсеткішті 59 пайызға дейін жеткіздік.

 

Сондай-ақ Ұлттық компания мамандары өңірдің белсенді кәсіпкерлеріне ақпараттық жүйе төңірегінде семинар-кеңес өткізді.

 

Қайрат Бектүргенев, “Жергілікті мазмұнды дамытудың ұлттық агенттігі” АҚ басқарма төрағасы:

-Негізінен пайдалы қазбалар жүйесінен ақпарат таратамыз. Бүгінде жер қойнауын пайдалану бойынша барлық мемлекеттік сатып алу жұмыстары электронды форматта жүргізіледі. Ғаламторлық портал біріншіден, бұл жұмыс ашықтығының кепілі. Бұрындары шағымдар көптеп түсетін. Сондай-ақ кәсіпкер жол машақаты мен қағаз бастылықтан құтылды. Кез келген жерден өтініші мен тапсырысын жібере алады.

 

Танымдық жиыннан соң меймандар өңіріміздің өндіріс ошақтарын аралап, жұмыстарымен танысты. Кейін астаналықтар дәл осындай кездесулерді Атырау қаласында ұйымдастыру үшін аттанып кетті.

 

Жеңіс Ермұқанов