Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі С.Ескендіровтің Жамбыл ауданына жұмыс сапары

 

 

Ең алдымен өңір басшысы “Агротехника Жамбыл” ЖШС-нде болды. Шаруа қожалығына тиесілі 14 мың гектар жер бар. Өткен жылы шаруашылық гектар басынан 11 центнерден өнім алыпты. Биыл бұл көрсеткішті жоғарылатсақ деген ойда. Облыс әкімі Самат Ескендіров серіктестік басшысына жұмыскерлердің еңбекақысы мен жанар жағармай мәселесі жөнінде сұрады.

Қазір серіктестікте алқапқа егілетін бидай тазаланып, кептіріліп жатыр. Бұйыртса, мамырдың 12-сі көктемгі егіс науқанын бастамақ екен. Ол үшін техника мен жұмыскерлер жеткілікті.

 

Олег Григорьев, “Агротехника Жамбыл” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Биыл алғаш рет ресейден Омбылық -38 және 36 бидай тұқымы сатып алдық. Осы дәннің сапасы жақсы деп естідік. Биыл өнім сапалы болады деген ойдамыз. Негізі біздің серіктестік 2004 жылдан бері ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен айналысады. Қол астымызда 92 адам жұмыс істейді. Қызметкерлерге дер кезінде жалақы төленіп отырады. Орташа еңбекақы 68,2 мың теңгені құрайды.

 

Бұдан соң аймақ басшысы “Шатило и К” ЖШС-не барды. Мұнда алқап басында «Джондир» кешені жерді қайта өңдеп жатыр. Осы жердегі шаруа қожалығы 35 мың га аумаққа дәнді дақылдар егуді жоспарлап отыр екен.

 

Сергей Симонов, “Шатило и К” ЖШС бас аграномы, Жамбыл ауданы:

– 20 мың гектар аумаққа бидай екпекпіз. Қалған жерге майлы дақылдар себіледі. Техника жеткілікті. Бәрін сайлап қойғанбыз. Жанар-жағармай да жеткілікті.

 

Сапар барысында Жамбыл ауданындағы “Тогас и компания” ЖШС-гі де назарсыз қалмады. Серіктестіктің иелігінде 1900 га егіс алқабы бар. Биыл оның бір мың гектарына бидай егілмек. Қалған алқапқа майлы дақылдар себіледі. Былтыр бұл шаруа қожалығы гектарынан 12 центнерден астық жинапты.

Жалпы Жамбыл ауданы 285 мың гектар аумаққа дәнді дақылдар себуді жоспарлап отыр. Оның 202 мың гектары –  бидай, қалғандарын майлы дақылдар мен көкөністер құрайды. Егін егу жұмыстарына техника да сайланып қойылыпты.

Келесі аптадан көктемгі егін себу науқаны басталады. Осыған орай өңір басшысы барлық аудандарды аралап, жағдаймен таныспақ. Жамбыл ауданы алғашқысы.

Облыс әкімі аудан агроқұрылымдары жетекшілеріне жауапты науқанды сапалы жүргізуді міндеттеді. Бұл іске аудан әкімінен бастап, ауылшаруашылығы басқармасы атсалысуы керек. Өңір басшысы осыған қатысты бірқаттар міндеттерді айқындады. Және науқан аяқталғаннан кейін Самат Ескендіров тағы да аудандарды аралап, жұмыстың қалай жүргізілгендігін өзі салмақтайтынын айтты.

 

Бану Ахметова