Ауыл шаруашылығы

Мал шаруашылығын дамытуда “Сыбағаның” көмегі көп

 

 

Жеке ісін ауылда дөңгелетіп отырған нәзік жандылардың бірі – Шолпан Әбілева. Кәсіпкер осыдан 2 жыл бұрын Қызылжар ауданындағы Кондратовка селосында ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Бастапқыда 6 сиыры болған екен. Кейіннен ірі қараны көбейту үшін үкіметтің қолдауына жүгінеді. Сөйтіп, “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 4 млн. теңгенің несиесін рәсімдеген. 5 жылға 6 пайыздық үстемеақымен берілген қаражатқа 20 сиыр мен бір бұқа сатып алыпты. Бүгінде ірі қараның бәрі төл беріп, мал басы 49-ға жеткен. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы да мемлекеттің қолдауына жүгініп, шаруашылығымды кеңейтсем дейді.

 

Шолпан Әбілева, “Әбілева” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Бос жатқан жер бар. Сол жерге база салып, шаруамды кеңейтсем деймін. Бірақ қаражат жеткіліксіз болып отыр.

 

Жалпы, бұл қожалықтың қарамағында 167 га жер бар. Осы аумаққа кәсіпкер малдың жем-шөбін өсіреді екен. Ал техникадан бір тракторы бар. Биылғы қысты жақсы қыстап шықтық дейді мұндағылар. Жем-шөп жеткілікті болыпты. Айта кету керек бизнесвумен өз ісін ашқан соң, ауылдықтарға да тұрақты нәпақа көзі табылған. Сөйтіп, бұл шаруашылыққа 4 адам жұмысқа тұрыпты. Екі қолға бір күрек тапқандардың бірі – Валерий Вовильченко. Ол қожалық ашылғаннан бері еңбектеніп келеді. Тек өзі ғана емес, әйелі де мұнда сауыншы болып жұмысқа орналасқан.

 

Валерий Вовильченко, “Әбілев” ЖК бақташысы:

– Жұмысымыз жақсы. Жалақыны да дер кезінде төлейді. Әйелім екеуміз осы ауылға көшіп келдік. Үй сатып алып, осы қожалықта еңбектеніп жатырмыз. Айына 40 мыңнан төлейді.

 

СҚО “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау” АҚ ет экспортының әлеуетін арттыру мақсатында “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2011-2013 жылдар аралығында 181 жобаны қаржыландырыпты. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгенің несиесіне 6 160 ірі қара алынған.

 

Айдар Тулеев, СҚО “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау” АҚ директорының орынбасары:

– Үш жылдың ішінде берілген қаражатқа 5 891 аналық бас болса, 260 бас асыл тұқымды бұқа алынды. Ірі қара герефорд, ангус және қазақтың ақ бас сиырлары мен семинтал тұқымдастар. Ал, өткен жылы жалпы сомасы 305 млн. 100 мың теңгенің 50 жобасын қаржыландырдық. Берілген қаражатқа 1487 бас ірі қара алынды.

 

Биылдан бастап аталған АҚ “Егінжай”, “Кәсіпкер”, “Сәтті”, “Мұрабаха”, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламалары бойынша өз ісін дөңгелектемін деген ауылдықтарға несие бермек.

 

Бану Ахметова