ТЖ

Биыл өрт оқиғаларында 12 адам қаза тапты

 

Мынау өткен түнде жер үйлердің бірінде орын алған қызыл жалын әкелген зардап. Сағат 3.35-те өрт сөндірушілерге Таштитов көшесі бойындағы баспаналардың бірінде өрт шықты деген хабар келіп түскен. 72 шаршы метрге жайғасқан тұрғын үй толығымен отқа ораныпты. Мұнда тұрып жатқан екі отбасының мүлігі де жанып кетті. Баспана маңындағы қора-қопсыны да жалын шарпыған. Өртті ауыздықтауға 17 құтқарушы жұмылдырылыпты. Қызыл жалынның беті қайтарылған соң ғана өрт сөндірушілер үйде 5 адамның мәйітін анықтаған. Қаза тапқандар осы үйде тұратын 60 жастағы ерлі-зайыпты Важениндар, олардың қызы мен күйеу баласы болып шықты. Ал ажал құшқан 5-ші адам осы отбасының досы екен. Абырой болғанда баспананың екінші жартысындағы тұрғындар дін аман.

 

Самал Әубәкірова,зардап шегуші:

-Түнгі 3-те көршім келіп, терезені қағып, бізді оятты. Қарасам үйдің іші түтіндеп кетіпті. Мен баламды құшақтап көршілерге кетіп қалдым. Тіпті киім ауыстырып та үлгермедік.

 

Көршілердің айтуынша, қаза тапқан отбасы мүшелері ащы суға құмар болған. Ал апат болған күні олар досының туған күнін тойлапты.

 

Азамат Орымбаев,СҚО ТЖД Петропавл қаласы бойынша басқармасының басшысы:

-Өрт абайсыздық салдарынан туындаған. Қазір жағдайдың анық-қанығы тексеріліп жатыр.

 

Жалпы жыл басынан бері қаламызда 353 өрт оқиғасы тіркеліп, 12 адам қаза тапқан. Апат айтып келмейді. Біреулері оттан зардап шегіп жатса, екіншілері сумен арпалысуда. Алайда соңғы кездері Есілдің жағасына шыққан тасқынның деңгейі біршама төмендеген. Бұл жөнінде ұйымдастырылған брифинг барысында баяндалды.

 

Азамат Орымбаев, СҚО ТЖД Петропавл қаласы бойынша басқармасының басшысы:

– Қазір топан судан зардап шеккен 42 үйдің 3-уінде ғана су тартылған жоқ, өзгелерінде жағдай қалпына келді. Бұл баспаналар Былғары зауыты ауданында орналасқан. Республикалық маңызы бар Челябі-Новосібір трассасының 525-530-шы шақырымы да әлі күнге дейін жабық. Ойқала мен Заречный аудандарын байланыстыратын жолдар да ашылған жоқ. 6 күннен бері су деңгейі төмендеп келеді.

 

Күн сайын су деңгейі шамамен 6-8 см-ге төмендеуде.

 

Мағжан Ахмадина