Без категории

Жеңіс саябағында ескерткішке гүл шоқтары қойылды

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

– ҰОС жылдары әрбір 4-ші қазақстандық майданға аттанды. Бұл – 1 млн. 700 мың жауынгер. От пен оқтың арасында ажалға қарсы тұрған қайсар отандастарымыздың 600 мыңнан астамы кескілескен шайқастардан оралмады. Осылайша қанды қырғын әр үйдің өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Бұл күн халқымыздың тарихындағы қаралы бет қана емес, сонымен қатар теңдесі жоқ батырлық пен ерліктің, отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып мәңгі сақталып қалмақ.

 

Сонау отты жылдары қасиетті ақ қайыңдар мекені саналатын шұрайлы өңір халқының 4/1 қан майданға аттаныпты. Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгісте айбынды Кеңес әскерінің қатарына қосылған жерлестеріміздің тең жартысы жарқын болашақ үшін жан құшты. 53-і Кеңес Одағының батыры атағына лайық деп танылды. Ер есімі ел есінде! Жеңіс саябағына жиылған қайырымды ұрпақ Жеңіс стеласына гүл шоқтарын қойып, сұм соғыста опат болған ардагерлердің рухына тағзым етті. Алғашқы гүл себеті – облыс әкімінің атынан.

Бұдан кейін қызыл қалампыр ұстаған ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері , қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жастар легі ұзын-сонар кезек құрды. Отан үшін жолында шейіт болған боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Тәуелсіздіктің шуақты күндерін көрген Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары күн санап сиреп барады. Өңірдегі көзі тірі көнекөз майдангерлердің бірі Василий Турашев. 43 жылы 17 жасар бозбала Қиыр Шығыстағы ұрыстардың алдыңғы шебінде жүрген. Бүгінде сексеннің сегізіне иек артқан қарт майдангердің кеудесі ерліктерінен сыр шертер орден, медальдармен көмкерілген.

 

Василий Турашев, ҰОС ардагері:

-1941 жылы фашистік Германия опасыздықпен бүйірден соғып қабырғамызға қатты батты. Бізге өмірдің бейнеті мен зейнетін көруге жазды. Бүгін бақытты ғұмыр кешіп келемін. Ал 40-шы жылдары бұның бәрін көре алмай құрбан болып кеткендері қаншама. Бақытты болашақ үшін жан қиған боздақтарға тағзым ету керек.

 

Әуеде ұшқыш, жерде танкист пен жаяу әскер Ұлы Жеңіс жолында жаумен алысты. Ел басына қара бұлт үйірілгенде жауынгерлер бір ананың балаларындай Отан деген ыстық ұғыммен жігерленіп қарсы келген дұшпанға қаймықпай тойтарыс берді. Сол сұрапыл жылдары “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін” деген тыл еңбеккерлерінің де қаһармандық істері ұмытылмақ емес. Шаттыққа толы балалық шақпен ерте қоштасып 8 жасында ел қатарлы еңбек етіп есейген жандардың бірі – Ғазиз Нұрғожин.

Жеңіс саябағына жиылғандар өңір әскерилері әзірлеген жауынгер ботқасынан дәм татты. Араларында өңір жетекшісі де бар. Кейін Самат Ескендіров тарихтан сыр тарқатар техникаларды көріп блендажға бас сұқты. Артынша жертөледе мектеп оқушыларымен бірге әскери патриоттық әндерді шырқады.

Батыр жауынгерлердің игі ісін бірлігі жарасқан бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында лайықты табыстармен жалғастырып жүр. Ашық аспан сыйлаған қадірменді жерлестерімізге барынша құрмет көрсетіліп келеді. Дарынды өрендер мерекелік бағдарламада сұм соғыстың зардабы мен орындалған арманның көрінісін шебер қоя білді. Ардагерлер ұранға айналған сүйікті әндерін тыңдап, ерекше сүйсініп, бір марқайып қалды. Әсем концертті тамашалаған қариялардың жүректері шаттанып, жүздерінде бір сәт жастық нұры ойнады.

Білімді де жігерлі тәуелсіз ел жастарының тілегі бір-ардагерлер сыйлаған бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтап еліміздің гүлденуіне атсалысу.

 

Жеңіс Ермұқанов