Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Жеңіс күніне арналған салтанатты митинг өтті

 

Самат Есмағи, тілші:

-Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды. Ер есімі ел есінде. Бұл сөздер 1991-1945 жылдары елі мен жерін, отанын жаудан азат ету тұрғысында жанын шүберекке түйіп, неміс басқыншыларымен арпалысқан ардагерлерімізге айтылды. Биыл ұлы жеңіске 69 жыл толып отыр. Айтулы күн баршаңызға құтты болсын, ардақты қарт майдангерлер.

 

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны 1,5 миллионның үстінде болса, оның 70 мыңнан астамын солтүстіказақстандықтар құраған. Солардың бірі – Қасым Жүнісов. Әскер қатарына 18 жасында шақырылған қарт майдангердің жасы бүгінде тоқсаннан асқан. Әйтсе де отан қорғау жолында жүріп өткен жолым күні бүгінге дейін көз алдымда дейді.

Сұлтан Мұхаметжанов әскер қатарына 1941 жылы шықыртылыпты. Неміс басқыншыларымен күресіп, сол кездегі Кеңес Одағының бірқатар қалаларын жаудан азат еткен. 9 мамыр жеңіс күні мерекесін Венгрия мен Австрияның шекарасында қарсы алған. Көнекөз қарияның бүгінгі тілегі ұрпағының бейбіт күнде өсіп-өркендеуі.

Ұлы Отан соғысына аттанған 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтардың 32 мыңы майдан даласында жер құшса, дәм-тұзы елден бұйырғандары үйлеріне аман-есен оралды. Бүгінде көзі тірісі 334 ардагер. Оларға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді деп атап көрсетті 9 мамыр Жеңіс күніне арналған салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров.

Өз кезігінде ардагерлерді Жеңіс күні мерекесімен әскери қызметкерлер де құттықтап өтті. Аталардың ерлігі біздер үшін қашан да үлгі мен өнеге болып қала бермек.

Артынша алаңға жиылғандар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, шейіт болған ардагерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шараға жиылғандар бұдан соң ұлы жеңістің 69 жылдығына арналған салтанатты шеруді тамашалады.

Мәңгілік алау жанында шағын әскери қалашық орын теуіп, онда ардагерлер мен салтанатты шараға қатысушыларға солдат ботқасы әзірленді. Аспаздар Ұлы Отан соғысының тарихы қанша тереңдесе де зұлмат жылдары айбынды жауынгерлерімізге әл беріп, бойына күш-қуат дарытқан солдат ботқасының дәмі еш өзгермейді дейді

Жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасы мереке шырайын аша түсті. Оның барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, әскери-патриоттық өлеңдер оқылды.

Ұлы Жеңістің 69 жылдығын облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары осылайша бар сән-салтанатымен атап өтті. Алаңға жиылғандардың бәрінің тілегі бір. Ол тәуелсіз Қазақстанымызда тату-тәтті бейбіт күн кешу.

 

Самат Есмағи