Билік

Отан қорғаушылар күні солтүстікқазақстандықтар 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің рухына тағзым етті

 

Ортамыздағы қарт майдангерлер бүгінде ерекше сый-құрметке лайық. Бұрын соғыс куәгерлерін аттаған сайын кездестірсек, қазір тіпті іздейтін болыппыз. Өйткені, уақыт өткен сайын олардың қатары сиреп бара жатыр. Ардагер Фёдор Щеглов ұрпаққа аманат етіп қалдырған бейбіт өмірді бағалаңдар деді.

 

Фёдор Щеглов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

-Жас болсақ та қан майданға араласып кеттік. Біздің арманымыз жауды жеңу болды. Қаншама жолдасымыз ұрыс даласында оққа ұшты. Бүкіл Кеңес елінің күш-қуаты фашистермен күреске жұмылдырылған еді. Тарих қойнауында жатқан Жеңістің маңызы зор.

 

Әскери институттың беткеұстар курсанттары да осында. Жомарт Өсербаев пен Әділ Сәрсімовтің арманы – ата-баба білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған қазақ елінің тыныштығын сақтау үшін қызмет ету.

 

Әділ Сәрсімов, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының курсанты:

-Менің арманым – әскери салада қызмет ету. 314-ші атқыштар дивизиясын үлгі тұтамын. Елімізде тыныштық болсын.

 

Көп кешікпей 314-ші атқыштар дивизиясының ескеткішіне гүл қою рәсімі басталды. Бірінші гүл толы себет облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан.

Бұдан соң батырлардың рухына аса құрметті ардагерлеріміз келіп тағзым етті. Қаза тапқан жауынгерлер бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.

Бұдан кейін де батырлардың рухына тағзым етушілердің легі таусылған жоқ. Қоғам өкілдері, жастар ақырын жылжып ескерткішке қолдарындағы қалампырларын қойды.

 

Алина Волжанина, оқушы:

-Ер азаматтарды Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Барлығына зор денсаулық тілеймін. Бейбіт өмірде бақытты болайық.

 

Данаш Хамзина, тілші:

Даңқты 314-ші атқыштар дивизиясы Отан алдындағы адалдықтың, өжеттіліктің үлгісі. Жауынгерлердің ерлігін естігенде жастардың бойында патриоттық сезім оянары сөзсіз. Ескерткішке келіп батырлардың рухына тағзым еткен әрбір азамат бүгін еліміздің тыныштығы енді бұзылмасын деп тіледі.

 

Данаш Хамзина