Билік

Орталық алаңда әскери техника көрмесі ұйымдастырылды

 

Сайдың тасындай іріктелген әскери институт курсанттары, 66/37 әскери бөлімінің сарбаздары, шекарашылар, СҚО ІІД және ТЖД жеке құрамдары Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруге сақадай сай. Орталық алаңда қаз-қатар тізілген сарбаздардың өнерін тамашалауға келген жұртшылықтың да қарасы қалың бұл күні. Ең алдымен ортаға аспан түстес желбіреген көк туымыз енгізіліп, әнұран шырқалды.

Бұдан кейін жиылғандар сахнада орнатылған LED-экранға назар аударды. Солтүстікқазақстандықтар елордасы Астанада өтіп жатқан Республикалық қарулы күштердің әскери шеруіне арналған тікелей байланысты тамашалады. Онда барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен Республика Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.

Шекара бүтіндігін қамтамасыз етуде еліміздің қарулы күштеріне артылар міндет ауқымды. Тәуелсіздік алған 22 жыл ішінде Қазақстан әскері аяғынан нық тұрды. Бұл салаға деген мемлекеттің де қамқоры күшті. Отан қорғаймын, әскери міндетімді өтеймін деген жас жігіттердің де қатары артты. Бұл күні барлық отан қорғаушыларды өңір жетекшісі Самат Ескендіров те құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

 

Бұдан кейін аймақ басшысы Самат Ескендіров абыройлы қызмет етіп, еңбегімен ерекшеленген бір топ әскерилерді құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапаттады. Солардың қатарында СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы  Еркінбек Байболов та бар. 20 жыл қызметте жүрген азамат бүгін Қорғаныс министрлігінің атынан І дәрежелі «Мінсіз еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

 

Еркінбек Байболов,СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы:

-Мен үшін осындай марапатқа ие болу үлкен абырой. Әлі де болса Қарулы күштеріміздің дамуы үшін еңбек ете бермекпін. Әрине қуанышты сәт.

 

Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін жиналғандар назарына ҚР ІІМ ІӘ Әскери институты курсанттарының құрмет карауылы мен барабаншылар ансамблі өз өнерін көрестті.

Әскери институт курсанттары жұдырықтасу өнері жұртшылық назарына ұсынды.

Ал СҚО ІІД кинологиялық қызметінің иісшіл иттері де жиналғандарды өнерлерімен тәнті етті. Өңір тәртіп сақшыларынан жасақталған топ та бұл күні солтүстікқазақстандықтарды әсем әндерімен қуантты.

Сайдың тасындай іріктелген сардарлар мен сарбаздардың бір-бірімен иық тірестіре аттаған адымдарынан әскери өмірдің қаншалықты темірдей тәртіпті қажет ететіндігін айқын аңғарасың. Десе де, бүгіндері әскери маман боламын деушілер қатары артуда. Көктемгі жауынгерлік шақыртуда ғана өзінің әскери борышын өтеуге өңірімізден 600 сарбаз аттанады. Бүгін оларды да салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.

 

Ардақ Бекішев, СҚО Қорғаныс істері жөніндегі басқараманың бөлімше бастығы:

-Қазір Қарулы күштердің әлеуеті артып отыр. Үйлер салынуда. Олардың балалары балабақшамен қамтылады.

 

Бұдан соң облыс әкімі Самат Ескендіров қарулы күштердің техникалық базасының қаншалықты жасақталғандығын тамашалады. БТР, жауынгерлерді тасымалдайтын техникалар мен өрт сөндірушілердің көліктері, танкіге қарсы пушка, саперлік қондырғы бұлардың бәрі отандық қарулы күштеріміздің айбынын асқақтата түсетіні сөзсіз.

 

– Ежелден ата- бабаларымыз қалдырып кеткен жауынгерлік рухты, біздің қазіргі ұрпақ абыройлы жалғастыруда.

– Еліміздің ер азаматтарын мерекемен құттықтаймын. Әрқашан егеменді елдің тірегі бола берсін.

 

Жүрекжарды тілектердің барлығы темірдей тәртіпке көндігіп, елі мен жерінің тыныштығын күзетіп жүрген отан қорғаушыларымыздың құрметіне. Ата-бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған қазақ жерінде бүгінде бейбіт күн орнаған. Оған Отан қорғаушыларымыздың қосқан үлесі зор. Сондықтан да әскеріміздің рухы асқақтап, айбыны арта берсін.

 

Мағжан Ахмадина