Билік

7 мамыр қазақстандықтар Отан қорғаушы күнін атап өтуде

 

Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, өңір басшылығы, әскери институт курсанттары, 66/37 әскери бөлімінің офицерлері, мемлекеттік мекемелер ұжымдары мен оқушылар көптеп жиналды. Алғашқы гүл шоғы облыс әкімінің атынан қойылды.

7-мамыр – Қазақстан халқы үшін айрықша мереке. Бүгін айбынды әскерімізге құрмет көрсетіп, олардың қызметіне баға беретін маңызды күн. Биыл Қазақстанның Қарулы Күштеріне 22 жыл толып отыр. Қазақ елі өз мемлекеттігін дамыту жолында әрдайым еліміздің корғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөледі. Есесіне еліміздің әскери жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен ерекшеленеді. Бұдан бөлек мемлекетімізде әскери оқу орындарының дербес жүйесі құрылып, қарулы күштеріміз қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Дегенмен, Қазақстан бейбітшілікті қалайтын мемлекет. Сондықтан, мерекеге жиналған тұрғындар Қазақ елінің сүттей ұйыған тірлігіне сызат түспесін деген тілектерін білдірді.

17 ғасырдың орта тұсында қазақ елін жоңғар шапқыншыларынан қорғап, жарты ғасырға жуық ғұмырларын ат үстінде өткізген батырлар Қарасай мен Ағынтайдың көзсіз ерліктері бүгінгі жастар үшін нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Мереке күні қос батырға орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қою мәртебесі жергілікті әскери институттың екі курсанты Айдар Садуақасов пен Рахат Әбілжановқа берілген. Жүректері оттай лаулаған, жандары жас ертеңгі офицерлер даңқты бабалары сияқты отандарын жат жұрттан қорғауға сақадай сай екендерін білдірді.

 

Айдар Садуақасов, ҚР ІІМ ҰҰ әскери институтының курсанты:

-Отанды қорғау, сүю және мақтан тұту – әр азаматтың қасиетті парызы. Біз де осы міндеттерді жанымызға серік етіп келеміз. Мен татулық пен келісім орнаған, бейбіт елдің көк аспанының астында өмір сүріп жатқаныма мақтанамын.

 

Рахат Әбілжанов, ҚР ІІМ ҰҰ әскери институтының курсанты:

-Бізге әскери институт ұжымының атынан қос батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою бақыты бұйырды. Екеуіміз де оқуда озатпыз, тәртібімізге офицерлердің тағар міні жоқ. Біз алдағы уақытта да отан алдындағы қасиетті борышымызды адал атқаруға сөз береміз.

 

Қос курсанттың бірінің кеудесінде Қазақстан Конституциясының 15 жылдығына, ал екіншісінде әскери институттың 15 жылдық мерейтойына орай табысталған медальдар жарқырайды. Десе де, жас ұландар марапат үшін емес, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды сақтап, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болу үшін әскери өмірді таңдағандарын айтады. Бүгінгі жастардың бастамаларына аға буын өкілдері де ризашылықтарын білдіруде.

Мереке күні қазақ елінің батыр ұлдарына құрмет көрсету үшін алаңға Оспановтар әулеті де келген. 3 немересін ерткен отағасы Әміржан Оспанов отан алдындағы борышын 1979-1981 жылдары өтеген. Тынымсыз еңбегімен бейбіт елдің дамуына үлесін қосып келетін ол немерелерінің нағыз патриот болып өскенін қалайды.

Еліміздің шекарасын қорғаған жауынгерлеріміз болсын, ішкі әскер қатарында елдегі тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ететін ұландарымыз бен абзал азаматтарымызға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар – өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы және туған елдерінің нағыз қорғаны болып қала бермек.

 

Гүлмира Шоқтыбаева