Құқық қорғау органдары

Ішкі істер органдарының ардагеріне медаль табыс етілді

 

 

Николай Спиридонов милиция қатарына 70-ші жылдардың соңында алынып, ішкі істер органдарында 90-шы жылдардың соңына дейін еңбек еткен. Еңбек жолының басым бөлігін бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Арықбалық аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы қызметіне арнапты. Бүгінде зейнет демалысындағы майор 1988 жылы қызмет бабымен Имантау ауылындағы отбасылық жанжалды басуға барғанда ауыр жарақаттанады. Алайда қандықол қарақшыны құрығынан шығармапты. Ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталған. Басымды бәйгеге тігу менің міндетім болды дейді өткенді еске алған ақсақал.

 

Николай Спиридонов, ішкі істер органының ардагері:

– Бізге отағасы 8 айлық баланы алып, бірнеше тәулік бойы оны қамауда ұстап отырғандығы жайлы ақпар түсті. Жаныма бірнеше әріптесімді ертіп, жанжал орын алған отбасына аттандым. Алайда отағасы есікті бекітіп алып, бізді ішке кіргізбеді. Ұрланып үй ішіне кіргенімде ол ту сыртымнан үш рет пышақ салды. Қансырағаныма қарамастан оны жерге құлатып, қолына кісен салдым.

 

Жетінші мамыр қарсаңында Мәскеулік “Абырой” өңіраралық жедел әрекет ету қызметі ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің атынан Николай Спиридонов “Милиция ардагері” медалімен марапатталды. Оны қарияға облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Виктор Букреев салтанатты түрде табыс етті. Ардагердің еңбегі кімге болсын үлгі.

Мамырдың 21-де Николай Спиридонов өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтпек. Бүгінде 3 немеренің атасы атанған ардагер көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

 

Самат Есмағи