Қоғам

Шекара қызметінде демалыс жоқ

Өңіріміз Еуропа мен Азия елдерін байланыстырушы көпір іспеттес. Мемлекетке сырттан келетін қауіпті сейілту тыныштықтың берік қалқанына айналған шекарашылардың міндеті. Бұл орайда темір жол көліктеріндегі қатынау ерекше бақылауға алынған. Тәулігіне Петропавл шойын жолы арқылы ғана 30-дан артық жолаушылар поезы өтеді. Әрбіріндегі шекара асушылар сапарының заңдылығын тексеруге 40-ақ минут беріледі.

 

Әсел Әбілева кезекті тексеріске қарамағындағы жауынгерлермен бірге қамданып жатыр. Нәзік жанның шекара қызметінде жүргеніне 14 жыл болыпты. Аса жауапты істе ер мінездігімен танылып, шені бойынша капитан дәрежесіне дейін көтерілген. Қажетті құрал жабдықтары алынды. Бөлімше басшысы орынбасарынан нұсқамалар берілді. Бұл жолғы тапсырма вокзалға тоқтаған электрпоезының жолаушыларын тексеру. Төлқұжаттарының сәйкестігін мына шағын компьютер арқылы білуге болады. Жабдық бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылған.

Бүгінде жергілікті вокзалдағы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін 40 шекарашы күзетеді. Кезекшілік күндіз де, түнде де тоқтатылмайды. Әскерилер алдағы кәсіби мейрамдары отан қорғаушылар күнін де қызмет басында қарсы алады.

Антына адал, сертіне берік болып, міндетін абыройлы атқарып жүрген бөлімше шекарашыларының жұмысы жемісті. Жыл басынан ғана олар 300-ге тарта заңбұзушыны ұстапты. Заңсыз айналымнан 675 грамм есірткі мен бірнеше қару тәркіленген.

 

Жеңіс Ермұқанов