Қоғам

Отансүйгіштікке бесіктен баулу керек

“Алтын бесік” балабақшасына бүгін әскери институттың курсанттары мен Петропавлдағы 66/37 әскери бөлімнің сарбаздары келіп отыр. Олар бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқан еліміздің туын желбіретіп, Қазақстанның әнұранын бүлдіршіндермен бірге шырқады.

ҰОС елімізді талай боздағынан айырды. Майдан даласында кеудесін оққа төсеп, батылдық танытқан жауынгерлердің рухына бүгінгі ұрпақ тағзым етті. Сөйтіп, бүлдіршіндер шайқастан оралмаған батырларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Бұдан соң “Алтын бесік” балабақшасының тәрбиеленушілеріне Петропавлдағы 66/37 әскери бөлімнің сарбаздары өз шеберліктерін көрсетті.

Мына сарбаздар сияқты бұл бүлдіршіндер де болашақ Отан қорғаушылар. Олар еліміздің нағыз патриоттары. Бұны бүлдіршіндер жақсы түйсінген. Сондықтан болар балалар нағыз сарбаздар сияқты сап түзеп, адамдап жүрді.

 

Нұржігіт Ғафур, “Алтын бесік” балабақшасының тәрбиеленушісі:

– Маған бүгінгі көрсетілген шеберліктері ұнады. Мен де Отан қорғаушы болғым келеді.

 

2012 жылдың аяғында ашылған “Алтын бесік” балабақшасында бүгінде 361 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие алуда. Олар тәрбиешілерімен бірге облыстық және республикалық түрлі сайыстарға қатысып жүреді. Жүлделі орындарға да ие болуда. Жуырда ғана “Сәлем Астана” фестиваль-байқауында балабақшаның бүлдіршіндері екінші орынды иеленіп қайтты.

Айта кету керек, биыл мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме алғашқы түлектерін ұшырды. Енді  44 бала білімін мектепте жалғастырмақ.

 

Асылхан Болатов, Ділназдың әкесі:

– Қызымызды енді мектепке дейындаймыз…

Ділназ Болатова:

– Балабақшаны тәмамдадым. Енді мектепке барып сабағымды жақсы оқимын.

 

Бұдан соң балабақшаның бірінші түлектері өздері тәлім-тәрбие алған білім ошағының маңына шырша көшеттерін отырғызды.

 

Бану Ахметова