Билік

Облыс орталығын абаттандыру ережесі қабылданды

Облыс орталығын қыстан қалған қалдықтардан арылту үшін үш бірдей жалпы қалалық сенбілік өтті. Онда тындырылған істер жайында облыстық әкімдіктің отырысында шаһар басшысы Төлеген Закариянов есеп берді. Барлығы тазалық шараларына 1200-ден артық өндірістік ұжымнан 30 мыңға тарта адам қатысқан. Нәтижесінде Петропавлдан 1200 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. 380 мың шаршы метр аумаққа жасыл желек көшеттері отырғызылса, 600 шаршы метр жерге гүлдер егілген. Облыс орталығында биыл жалпы 85 мың шаршы метрді алатын гүлзарлар орын тебеді.

 

Төлеген Закариянов,Петропавл қаласының әкімі:

– Қаладағы 38 магистральді көшелер мен 48 саябақта ауқымды жұмыстар жүргізілді. Рұқсат етілмеген жерге төгілген 710 текше метр қоқыс жиналып, қатты қалдықтар полигонына жеткізілді. 270 тұрғын үй ауласы қыстан қалған қалдықтардан арылды. Ағаштардың түбі мен тротуарлар әктелді. Қурағандары кесіліп сыртқа шығарылды.

 

Өкініштісі ортақ үйіміздегі қарапайым тазалық шарасына бәрі бірдей атсалысуға құлшыныс танытпаған. 600-ге жуық көпқабатты үйлердің тұрғындары өз қолдарымен ластаған маңайларын жинастыруға мүлдем шықпапты. Кейбір басқармалар игі іске үн қосқанымен мардымсыз жұмыс атқарған. Бірқатар жеке кәсіп иелеріне тиесілі аумаққа сыпырғыш әлі тимей отыр. Бұдан былай ескертулерге немқұрайлық танытатындары әкімшілік жазаға тартылатын болады. Алдағы мейрамдардан соң Петропавлды абаттандыру ережелері енгізілетін болады. Тәртіпке шақыратын құжат жобасы сәуірдің 26-сы күні ресми түрде жарияланды.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Абаттандыру ережесін бұзған жеке тұлға – 20, лауазымды тұлға мен кәсіпкер 40 АЕК мөлшеріне дейін айып төлеуге мәжбүр болады. Құжатта ірі бизнес субьектілеріне бұл әкімшілік жаза 100 АЕК-ке дейін қарастырылған. Бұл жөнінен құзырлы органдармен кеңес өткізіп, бірлескен жұмыс жоспарын құрып қойдық.

 

Облыс әкімі белгіленген ережелерді жазалаудан бұрын тәртіпке шақыру құралы ретінде пайдалану керектігін ерекше атап өтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Кәсіпорындар жазалансын, ал жеке тұрғындарды жазалау  шектен шыққан жағдайларда ғана қолданылсын. Бірден жеке секторды аралап, айып салуға болмайды.

 

Өңір жетекшісі облыс орталығының тазалығына қай жақтан алып қарамасақта аянып қалмау керектігін қадап айтты. Самат Ескендіровтің жеке блогына тұрғындар жиі шағым түсіреді екен. Негізінен белгіленбеген жерлерге төгілген қоқыстан арылу қамында. Облыс орталығында ғана ондай 20-дан артық ірі лас орын бар. Өңірдегі 671 қатты қалдықтар полигонының тек 2-уі ғана заң негізінде істеп тұр. Әсіресе бүгінгі тозған жолдардың жағдайы тым өзекті. Коммуналдық қызметтер құбырларды жөндегесін, жолдың талқанын шығарып, тастап кетеді. Тесіліп қалған жолдар уақытылы жамалмайды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бізде жаз екі айға ғана созылады. Оның 1 айы дайындық жұмыстарына кетеді. Қалған уақытта кешенді жөндеу жоспарын орындау мүмкін емес. Бұл іске қарқын қосу керек. Қалалықтар жасаған жұмыстарды сезінуі керек. Шұңқырлар көп, жұмыс баяу. 3 бригада үлгермесе, тағы қосымша күштерді жұмылдырған жөн.

 

Абаттандыру шараларын бақылайтын партиялық бекеттер құрылсын деді облыс әкімі. Самат Ескендіров бұл кемшіліктердің орнын 1 жұманың ішінде толтыруды жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мереке күндеріне қарамай кәсіпкерлер өз аумақтарын  тәртіпке келтіру үшін  шара қолдану керек.

 

Сондай-ақ жиында алдағы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы жеңістің 69 жылдығын ұлықтау шараларын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Барлығы мереке күндері 50-ден астам мәдени-спорттық шаралар өткізіледі деп жоспарланған.

 

Жеңіс Ермұқанов