Бизнес және экономика

Кәсіпкер әйелдерді қолдау

Қызылжар ауданының орталығындағы “Радуга” серіктестігінің құрылғанына 20 жылдан асқан. Бүгінде аяғынан нық тұрған кәсіпорын жан-жақты даму үстінде. Оған аталмыш ауданға жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова да көз жеткізді. Осыдан 5 жыл бұрын аталмыш серіктестік жаңа желіні іске қосқан. Кәсіпорында тұрмыстық қалдықтар қайта өңделіп, одан күнделікті тұрмысқа қажетті пластмассалық өнімдер шығаруда. Айлық қуаттылығы 150 мың тоннаны құрайды.

 

Максим Большедворов, “Радуга” серіктестігінің бизнес процесс басқарушысы:

-Мемлекеттің көмегінсіз еш нәрсе болмайды. Кәсібімізді одан әрі дамытуда түрлі мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланамыз. Соның бірі субсидия. Соңғы рет оны өткен жылы алдық. Ол қаржыға полипропилен гранулалар шығаратын жаңа желіні іске қостық. Гранулаларды ас суға арналған ыдыстар өндіргенде қолданамыз. Олар экологиялық таза.

 

Серіктестік пластмассалық өнімдерден бөлек ұн, шекілдеуік, поп-корн, жүгері таяқшаларын да шығарады. Мәжіліс депутаты ол цехтың да жұмысымен танысып өтті.

 

Меруерт Қазбекованың аудан орталығындағы келесі аялдаған нысаны “Мирас” балабақшасы. Қазіргі күні ондағы 12 топта 300 сәби тәрбиеленіп жатыр. Топтардың алтауы қазақша болса, өзгелері орыс тілінде білім алуда. Балғындардың толыққанды тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Қазір олар 9 мамыр мерекесіне арналған ертеңгілікке әзірлік үстінде.

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова “Парасат” мектеп-лицейінің де бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, аталмыш ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына жоғары баға берді.

Осы жерде Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова ауданның іскер әйелдерінің басын қосқан дөңгелек стол отырысына қатысты. Жиын тақырыбы  “Бизнестегі жаңа инновация мен мүмкіндіктер – кәсіпкер әйелдердің экономикалық өрлеуі”.

 

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Кәсіпкер әйелдер, гендерлік теңдік бар елімізде. Ол заман талабы. Ерлер мен әйелдер тең құқылы тұрғысында заң бар. Кәсіпкерлікті дамытуда Елбасы басымдықты әйелдерге беріп отыр. Ол сіздер мен біз.

 

Қызылжар ауданында бүгінгі таңда 2 мыңға жуық шағын және орта бизнес субектілері болса, соның 40 пайыздан астамына нәзік жандар басшылық етеді екен. Соңғы үш жылда “Еңбекпен қамту -2020” бағдарламасы шеңберінде аудан кәсіпкерлері жалпы сомасы 162 миллион теңгеден асатын несие алса, оның 54 миллион теңгесі әйелдерге тиесілі. Мемлекеттік көмекке жүгінгендердің бірі Виктория Редькина.

 

Виктория Редькина, жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

-2 жыл бұрын өз ауылым Налобинода жекеменшік дәріханамды аштым. Кейін мал дәрігерлік дәріхана ашқым келді. Қаржы жетпегендіктен, мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініп, агроөнеркәсіп корпорациясы арқылы 4 миллион теңге несие алдым. Жылдық үстеме ақысы 14 пайыз.

 

Елімізде өз ісін ашамын дегендерге шектеу жоқ. Мемлекет жоба – сізден, қолдау – бізден деп отыр. Ауданның іскер әйелдерімен әңгіме барасында Мәжіліс депутаты кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мемлекеттік қолдаулардың барлығын тізбектеп, нәзік жандарды бизнестің жаңа технологияларымен де таныстырып өтті.

 

Самат Есмағи