Спорт

6 шілде Қазақстандағы велосипед спортына 100 жыл толады

 

1948-70-ші жылдарда велосипед спортымен шұғылданып, спорт шебері атанған 86 жастағы Лидия Тутова осы мекен-жайда жарты ғасыр тұрып келеді. Ол Қазақстанға тың игеру жылдары қоныс аударған.

 

Лидия Тутова, велосипед спортынан спорт шебері, алғашқы тың игеруші:

-Өзім Курск облысында дүниеге келдім. Сонда өсіп-жетілдім. 13 жасымда әке-шешемнен айрылдым. Қамқоршым тек әпкем болатын. Ол маған 20 жасқа толғанда Германиядан “Диамант” велосипедін сатып әперді. Велосипед спортына алғаш қызығуышылығым сонда басталды. Ең алғаш жарыс жолына 48 –ші жылы шықтым. Кеңес біріншіліктерінде өңір намысын қорғап, көзге түстім. Кейін ұлттық құрама атынан Орта Азия ойындарында бірнеше рет Ресейдің туын жеңіс тұғырында желбіреттім.

 

Елордалық мейман Сергей Бредихин Лидия Тутованың өмірбаянын қойын дәптеріне түртіп алды. Ол осыған дейін Алматы облысында, Қостанай мен Рудный қаласында болып 65 адамның өмірбаяны мен спортта жүріп өткен жолын жазып алыпты. Біразы ер адамдар. Ал өмірін велосипед спортына арнаған әйелдер жайлы аз жазыпты. Сондықтан Лидия Тутовамен жолығуды жөн санаған.

 

Сергей Бредихин, велосипед спорты бойынша Қазақстан федерациясының менеджері:

-Шынымды айтсам, мұндай тамаша адамды бірінші рет кездестіріп тұрмын. Өзі Курск облысындағы зауытта металл дәнекелеуші болған. Тың игеруге қатысқан. Әрі спортта да мол табыстарға жеткен. Бұл кісінің өмірбаяны, басқа да қазақстандық велосипедшілердің спортта жүріп өткен жолын негізге ала отырып, алдағы уақытты кітап шығарамыз.

 

Мұның бәрі тарих үшін маңызды. Сергей Бридихиннің қолында осыдан 100 жыл бұрын яғни 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбе қаласында ересектер арасында алғаш рет велосипед спортынан өткен ел чемпионатынан қалған құнды құжатттар бар. Онда Сыбаға Забиров жеңімпаз атанған. Оның мұрағатта суреті сақталып қалыпты. Ал бүгінгі таңда теріскейде осы спорт түрін мықтап қолға алған жандардың бірі – Владимир Парахин.

 

Владимир Парахин, “Велосипед спортынан олимпиада резервінің мамандандырылған БЖСМ” КММ директоры:

-Бүгінде велосипед спортына мамандандырылған БЖСМ-мізде жалпы саны 252 бала жаттығады. 9 бапкеріміз бар. Тәрбиеленушілердің 9-ы спорт шеберіне үміткер, 15-і бірінші дәрежелі спортшы, 4-уі ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүр.

 

Спорт мектебінің алдағы жоспары ауқымды. Шілде айында жерлестеріміз велосипед спортынан республикалық оқушылар спартакиадасын өткізетін болады.

 

Берік Қасен