Билік

Жолдар жайы талқыланды

 

Өткен жылы өңірдегі облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 5 млрд. 447 млн. теңге бөлінген болатын. Оның жартысына жуығы республикалық бюджеттен. Бұл бағытқа “Еңбекпен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында біршама қаржы қарастырылыпты. Алайда жөндеу жұмыстары барысында бірқатар аудандарда олқылықтар табылып отыр.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Айыртау, Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарында жөндеу жүргізу кезінде кемшіліктердің барын байқадық. Бұл тапсырыс берушілердің іске деген құлықсыздығын танытады. Сондай-ақ, қазір “Еңбекпен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында байқау әлсіз жүргізілуде. Келісім шарт жасасуды сәуірдің соңына қарай аяқтау керек еді.

 

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевтің айтуынша, бүгінде аталған салаға қыруар ақша бөлініп жатыр-ау, бірақ оның дұрыс игерілуіне бақылау жоқ. Тиісінше, асфальттың сапасы көп жағдайда сын көтермейді. Жаңадан төселінген жабындының аз уақыттың ішінде мүжіліп қалатыны шындық. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары бұл іске жауапты азаматтарға нақты тапсырма жүктеді.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

-Жолды жөндеуге бөлінген қаржының игерілуін, жұмыстың жүргізілу барысын қатаң бақылау қажет. Нысанды қабылдар кезде депутаттарды да шақырыңыздар.

 

Жиын барысында Владимир Балахонцев Шал ақын ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен жолдардың бүгінгі жағдайын сұрап білді.

 

Еңбек Исин, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

-Қазіргі уақытта су тартылды. Бірақ, кейбір жолдарды шайып  кетті. Егін себуді еңсергеннен кейін қалпына келтіру жұмыстарымен тиянақты түрде айналысамыз.

 

Жиында Шал ақын ауданында су шайған жолдарды жөндеуді маусым айының ортасына қарай тындыру келісілді.

Отырыста сондай-ақ, облыста көлік инфрақұрылымының дамуы да қаралды. Биыл өңірдегі екі елді мекенде жолаушыларға қызмет көрсету бекеттерін салу жоспарлануда. 2018 жылға қарай облыста ондай нысандардың 7-уі пайда болуы тиіс.

 

Данаш Хамзина