Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда керамикалық кірпіш шығарылатын болады

 

 

Тура бір жыл бұрын мына жер жазық дала болатын. Бүгінде осы аумақта “Алаугаз СК” ЖШС керамикалық кірпіш шығаратын зауытты көтеріп жатыр. Жоба құны 328 млн теңге. Оның 280 млны жеке қаржы. 14,5 млн теңгесі “Бизнестің жол картасы- 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында рәсімделген несие. Құрылыс басында болған облыс әкімі мен халық қалаулылары бүгінде тындырылған жұмыстармен танысты. Негізгі ғимарат бой түзеді. Кірпіш құятын құрылғылар орнатылып, пештер қаланып жатыр.

 

Александр Фельдман,”Алаугаз СК” ЖШС директоры:

– Өзімізде кірпіш шығаруға қажетті шикізат бар. Карьерлер толып жатыр. Сонда да кірпішті Астана, Көкшетау, Рудныйдан алып жүрміз. Бізде бұндай зауыттар болды. Енді сол тәжірибені қайта жандандыруды қолға алдық. 60 жұмыс орны ашылады.

 

Шынымен алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған қашанда тиімді. Құрылысшылардың жол мен уақыт машақатын шешетін кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Оның қуаттылығы тәулігіне – 12 мың, жылына 3,6 млн. дана кірпіш құюға қауқарлы болмақ.

Жақын арада өңірдегі керамикалық кірпіш қажеттілігінің 5/1 аталмыш зауыт жабатын болады. Кәсіпорын бұнымен тоқтамай жаңғырту жұмыстарын жобалап қойыпты. Болашақта өндіріс іргесін кеңейтіп, қарқынды 2 есеге ұлғайту көзделуде.

 

Анатолий Пепенин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Кірпіш зауытының құрылысы  – өміршең жоба. Толықтай жергілікті шикізат. Бұл өте тиімді. Технологиясымен таныстым. Сапасы аса жоғары. Өңірдегі керамикалық кірпіш қажеттілігінің 20 пайызын қамтып отырады.

 

Кейін мәжілісмендер жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылғылар зауытына аялдап, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Негізінен өндіріс ошағы құрылысқа қажетті металл материалдар әзірлейді. 2008 жылы ісін бастаған зауыт өнімдерінен өңірімізден бөлек Астана, Көкшетау қалаларындағы бірқатар нысандар бой түзепті. Ал мына цехта жаңа өндіріс қолға алынбақшы. Елімізде баламасы жоқ бірегей жоба негізінде термоқұрылымды панельдер құрастыру межеленеген. Бұл материал бетонды үлгісінен жеңіл болғанымен, асқан беріктігімен ерекшеленеді. Есесіне жылуды ұстау қасиеті жоғары. Бастысы – құны қалта көтерерлік, яғни арзанырақ бағаға түседі.

Заманауи бастама халық қалаулыларының көңілінен әбден шықты. Меймандарды жаңашылдықтың қолданыс мерзімі қызықтырды.

Бүгінде зауыттықтар термоқұрылымды панельдерді жинайтын қондырғыларға тапсырыс беріп қойған.

 

Жеңіс Ермұқанов