Без категории

Патриоттық акция

 

Ұлы Отан соғысы осыдан 69 жыл бұрын аяқталғанымен, оның салған жарасы жазылар емес. Балғын балалық шақтары осынау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген отандастарымыз қаншама. Бірі қару көтеріп соғысқа аттанса, енді бірі тылдағы қиындықты үлкендермен бірге бөлісті. Сондай жандардың бірі – Хабиболла Жақсылықов. Балалық шағымен ерте қоштасып, қара жұмысқа жегілді. Ауыл болып, ел болып бейбітшілік үшін бел жазбай еңбектенді.

 

Хабиболла Жақсылықов, тыл еңбеккері:

– Таң атқаннан күн батқанға дейін малменен соқа жырттық. Соғыста жүрген кісілерге нан болса екен деп, қайтсек соларға көмектесеміз деген мақсатпен аш-жалаңаш еңбек істедік.

 

10 жылға созылған ауған соғысы да қазақ елін мыңға жуық боздағынан айырды. Елге оралғандарының дені денсаулығынан айырылды. Міне, осы акцияға сол ауған соғысының ардагерлері де шақыртылып, оларға да құрмет көрсетілді.

 

Қосман Бегалинов, Ауған соғысының ардагері:

– Мен Ауған соғысына қатыстым. Қазіргі ардагерлердің саны азайып жатыр. Жастар да соғыс жайынан хабардар. Өйткені, олардың әкелері, аталары сол шайқасқа қатысты. Бейбітшілік өмірді олар жастарға берді.

 

Мұндай шараларды “Жас Отан” ЖҚ белсенділері жыл сайын өткізіп отырады екен.

 

Мұса Танақұлов, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

– Мұндай жандарға қанша құрмет көрсетсек те артық болмайды. Сондықтан біз биыл да ерекше етіп акция өткізуді жөн санадық. Шарада ардагерлеріміз жастарға соғыс жылдарындағы естеліктерін айтып береді. Және бейнефильм көрсетіліп, соғыс, жеңіс жайында патриоттық әндер шырқалады.

 

“Бабалардың туын биікке көтерген ұрпақ” атты патриоттық акцияға қатысқан жастар соғыста өз кеуделерін оққа төсеп батырлық танытқан қарияларымызды ұмытпай, оларға құрмет көрсету міндетіміз дейді.

 

Бану Ахметова