Қоғам

Кеден одағы аясындағы ынтымақтастық

 

«Трибо» ЖШС – жүк вагондарына арналған композициялық тежегіш қалыптарды жасайтын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. 2005 жылы құрылған серіктестік жылына өнімнің 300 мың данасын жасап шығарады екен. Мұрат Мұсабаевтың мұнда қызмет етіп жүргеніне 2,5 жыл болыпты. Тәжірбиелі дәнекерлеуші бұл жерде металлдан тежегіш қалыптарын құрастырады.

 

Мұрат Мұсабаев, «Трибо» ЖШС дәнекерлеушісі:

-Тапсырыстар көп болса, жұмысқа да екпін бітеді. Басты бағытымыз ол темір қалыптарды жасау. Каркастарды құрастырғаннан кейін оларды химиялық бөлімге жібереміз.

 

Кәсіпорын күніне 1500 дана тежегіш құрастырады. Өнім сұранысқа ие. Серіктестіктің тежегіштерін «Қазақстан Темір жолы», «Қаз ТемірТранс» және «ҚамқорВагон» сынды еліміздің ұлттық компаниялары пайдаланады. Ресеймен әріптестік те жолға қойылған. Өткен жылы «Трибо» ЖШС 500 млн теңгенің өнімін шығарса, соның 130 млн теңгеден астамы экспортталған.

 

Игорь Калугин, «Трибо» ЖШС құрылтайшысы:

-Кедендік Одақ аясында біз Ресейге өз өнімдерімізді жөнелтеміз. Негізінен Волгоград, Ярослав қалаларының зауыттарымен әріптестік орнаттық. Жалпы Кедендік Одақ серіктестік алдында үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Рәсімдеу қиынға соқпайды.

 

Бүгіндері кәсіпорынның жеке зертханасы бар. Онда шығарылған өнімнің сапасы түпкілікті тексеріледі.

 

Ахат Ибраев, «Трибо» ЖШС зертхана басшысы:

-Мына даяр өнімдердің шеткі жағын кесіп алып, барабанға саламыз. Ол үйкеліс коэффиценті деп аталады. Мынау сынауға арналған қондырғы. Барлығы компьютерде есептеліп, нәтижесі кейін беріледі.

 

«Трибо» ЖШС мемлекет қолдауын да сезініп үлгерген. Соның арқасында өндіріс көлемі артқан.

 

Игорь Калугин, «Трибо» ЖШС құрылтайшысы:

-Өндіріс қуаттылығын арттыру үшін бізге қосымша қондырғылар қажет болды. Біз «Даму» қорына жүгіндік. Сол қаржыландыру арқылы біз құрылғылар алдық. Қазір өндіріс көлемі артып келеді. Тапсырыстармен 2017 жылға дейін қамтылғанбыз.

 

Қазір мұнда 50 адам еңбек етеді. Орташа жалақылары 90 мың теңге көлемінде. Қадамын нық басқан серіктестік алдағы уақытта жаңа өндіріс желісін, яғни геосинтетикалық материалдар шығаруды қолға алмақ.

 

Мағжан Ахмадина