Мәдениет

Бишілер Пекиннен 5 медаль алып қайтты

 

 

Споршылар мұндай алыс сапарға алғаш рет атаныпты. Қытайға кеткелі оларды ата-аналары, жақындары мен достары бір апта көрмеді. Сондықтан құшақ толы гүлдерімен тағатсыздана №83-ші пойыздың келуін күтіп тұр. Ерген Жаукин бұрындары баласының биге баруына түбегейлі қарсы болыпты. Кейін ұлы Данидің бойынан биге деген қабілетін танып, оған ерік берген.

 

Ерген Жаукин, Дани Жаукиннің әкесі:

-Баламның бимен айналысқанына 6 жыл толды. Қазір 12-де. Мен оның әлем Кубогінде жеңіс тұғырына көтерілетінін ойламаған едім. Өйткені, басты жүлдеге 24 елдің бишілері үміткер болған. Мен баламның жаттықтырушыларына алғысымды айтамын. Бұл жеңіс ең алдымен олардың еңбегі.

 

Солтүстікқазақстадық жас өнерпаздар спорттық би бойынша Пекинде өткен әлем Кубогынан жүлделі оралды. Бізден 8 спортшы қатысқан. Арасында Кирилл Новиков пен Мария Хасенетдинова, Андрей Байкенов пен Ярослава Кузнецова, Дани Жаукин және Анна Конопкина жұп болып өнер көрсетті. Латын-америкалық және спорттық би бағдарламаларында олар 1,2,3-ші орындарға ілікті.

 

Дани Жаукин, 2 дәрежелі спорт бишісі:

-Біздің категориямызда 8 жұп болды. Негізінен басты қарсыласымыз ресейліктер. Дегенмен олар біздің латын-америкалық биіміз жақсы екенін мойындап, артынан достасып кеттік. Ұйымдастырушылар әділқазыларды әр елден алдыртқан. Олар шынымен бізге әділ баға берді. Мен ТМД деңгейіне бірінші рет шыққандықтан, бұл сапар үлкен әсер қалдырды.

 

Ярослава Кузнецова, спорттық биден спорт шеберіне үміткер:

-Бәсеке қызу өтті. Әр елден келген өнерпаздар қолдарынан келгенінше, аянып қалмады. Бәрі шетінен би десе, ішкен асын жерге қоятын жандар. Бірақ спорттық би бойынша әлем кубогы бізге бұйырды. Енді басқа да асуларды бағындыруымызға жол ашық.

 

Жасөспірімдерді жаттықтырған Александра Еремеева бұл біздің үлкен жеңісіміз дейді. Оған қол жеткізу үшін бірнеше ірілі-ұсақты турнирлерге қатысып, біраз жыл  маңдай терімізді төгуге тура келді дейді.

 

Александра Еремеева, спорттық би бойынша облыстың бас жаттықтырушысы:

-Ашық әлем кубогінде ел намысын қорғау біздің өңір спортшыларына жүктелгеніне мен қатты қуандым. Ауқымды турнирге қатысқан жастардың санында есеп болмады. Біразы Азия құрлығы мен Еуропа елдерінен жиналған. Шыны керек, мен тәрбиеленушілерімнен бұдан да үлкен нәтиже күткенмін. Қазылар алқасының құрамында 40 адам болды. Олар 1000-нан аса жұпқа тиісті бағасын берді. Еш ренжу, әділетсіздік орын алған жоқ. Бәрі әділ өтті.

 

“Ұстаздан шәкірт озады” демекші, бұл Александра Еремееваның алғашқы қарлығаштары емес, оның тәрбиеленушілерінің арасында спорт шеберлері, Қазақстан және Азия чемпиондары бар. Түлектерінің біразы ұлттық құрама сапында әлем ареналарында еліміздің байрағын желбіретіп жүр.

 

Берік Қасен