Энергетика

Алдағы жылу беру маусымында сараланған тариф енгізіледі

 

Энергетиктердің дифференциалдық тарифке көшуін заманның өзі талап етіп отыр. Қазір ондай жаңашылдық еліміздің бірқатар қалаларында қолданысқа енгізілген. Үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап теңестірілген тарифке петропавлдықтар да көшпек. Сол кезде жылу есептегіш құрылғылары бар көпқабатты үйлердің тұрғындары ұтса, құрылғысы жоқтар ұтылады. Яғни соңғылары жылу ақысына бірқатар шығындануына тура келеді.

 

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:

-Бүгінде жылу құнының 1 шаршы метріне бекітілген баға 80 теңге 41 тиын. Жылу есептегіш құрылғылары барлар жылу ақысын осы тариф бойынша төлейді. Ал аталмыш құрылғыны орнатпағандар 2014 жылдың 1 қазанынан бастап жылудың бір шаршы метріне шамамен 110-120 теңгеден төлейтін болады.

 

Қазіргі күні облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің тек 288-де ғана жылу есептегіш құрылғылары орнатылған. Ал 538 үйде ол әлі жоқ. Энергетиктер құрылғыны міндетті түрде қою керек дейді. Ол жылу ақысын үнемдеуде тиімді. Құрылғының құны 600 мың теңге. Оны сондай-ақ қарызға алуға да болады. Екі жылда төлесеңіз жеткілікті.

 

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:

-Биылға біздің өңірімізге қайтарым негізінде республикалық бюджеттен 193 миллион теңге бөлінді жылу есептегіш құрылғыларын сатып алу үшін. Оны жеткізуші негізгі оператор”Республикалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры” акционерлік қоғамы. Біз құрылғыларды солардан аламыз.

 

Құрылғыны орнатқан тұрғындар бүгінде оның тиімділігін көріп отыр. Шамамен жылудың бір шаршы метрінен 30 теңге үнемдейді екен.

 

Владимир Айперт, «Союз» ПИК төрағасы:

-8 жыл болды жылу есептегіш құрылғыларын орнатқанымызға. Үнемділік бар. Мәселен тариф бір шаршы метрге 80 теңге болса, бізде ол 57-60 теңгеден айналып отыр.

 

Күшқайрат Құсайынов, «Таң-нұры Петропавл» ПИК төрағасы:

-Жылыту маусымында біздің тұрғындар бір шаршы метрге орта есеппен 45 теңгеден төледі. Оған қоса үйлерімізде сырттағы температураға байланысты жылуды автоматты түрде реттеп отыратын қосымша құрылғы да бар, тиімділігін көріп отырмыз.

 

Жылу есептегіш құрылғыны орнату жайлы келісім-шартты Жұмабаев көшесі, 66 мекенжайында орналасқан «Севказэнергосбыт» серіктестігінде жасауға болады.

 

Самат Есмағи