Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚМУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды

 

Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Данияр Қалиевтің бұл күн есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Ол университет қабырғасында өткен 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс күні мерекелеріне арналған әскери шеруде еліміздің туын ұстап шығады. Қазір ол аталмыш білім ордасындағы әскери кафедрада оқып жатыр.

Данияр Қалиев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті: -Мен үшін бұл қуанышты сәт деуге болады. Сонымен қатар маған артылған үлкен міндет деп түсінемін. Барша ер азаматтарды алдағы Отан қорғаушылар күні мерекесімен, қарт майдангерлерімізді ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын.

 

Еліміздің ән ұраны шырқалып болысымен салтанатты шараға қатысушыларды қос мерекемен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Биыл қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына 22 жыл толса, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 69 жыл болмақ. Айтулы қос датамен универиситет ұжымын ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Анатолий Башмаков пен Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Жүнісов құттықтады. Өз кезегінде білім ордасы студенттері салтанатты шараға қатысушыларға соғыс жылдарындағы әндер мен әскери-патриоттық тақырыптардағы шағын концерттік бағдарлама ұсынды.

Бұдан соң университет алаңына жиылғандар білім ордасындағы әскери кафедра студенттерінің әскери парадын тамашалады. Бүгінгі күні онда 200-ге жуық студент тәлім алуда. 8 топқа бөлінген олар жұртшылық алдынан иық тіресе жүріп өтіп, әскер айбынының қаншалықты екендігін аңғартты. Бұл жерде әскери кафедра 1998 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында оны 2 мыңға жуық түлек тәмамдаса, қазіргі күні 200 студент тәлім алуда.

Осы күні білім ордасында тағы бір айшықты оқиға орын алды. Ол «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының ашылуы. Облыс әкімі Самат Ескендіров пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Анатолий Башмаков жаңа кафедраның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жаңа кафедраға тарих ғылымдарының кандидаты Людмила Гривенная жетекшілік етпек. Өңір басшысы оның жұмысына сәттілік тілеп, халықтар достығын насихаттайтын кітапты сыйға тартты.

Людмила Гривенная, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі: Қоғамдық кафедраның міндеті Ассамблея жұмысын ғылыми тұрғыда дамыту болып табылады. Негізінен біз 2 бағытта еңбек ететін боламыз. Оның бірі халықтар арасындағы достықты фундаментальды ғылыми зерттеулер арқылы жетілдірсе, екіншісі оқу үрдісінде этносаясатты тереңдете түсіндіру. Жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысамыз.

 

Бұл елімізде ашылып отырған екінші кафедра. Оның алғашқысы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универститетінде жұмыс істей бастаған болатын.

 

Самат Есмағи