Билік

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді

 

Мамырдың 5-і күні ҚР ІІО туралы жаңа заң жобасы күшіне енеді. Өңір полицейлерін ондағы басымдықтармен облыста жұмыс сапарымен жүрген халық қалаулылары таныстырды. Толықтай өзгертілген құжаттың мақсаты – құқық қорғау жүйесін заман ағымына сайландыру. Алдыңғысы 20 жылдай қолданыста болыпты. Бұған дейін тек 50-ге тарта кіші-гірім толықтырулар енгізілген. Нығайтылған заңдылықтың көздегені тәртіп сақшыларының міндеттерін айқындап, құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде елімізде 130 мыңнан артық полицей бар екен.

 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жалпы құқық қорғау қызметкеріне 4 негізгі міндет айқындалды. Алдымен қылмыстың алдын алу шараларын ұйымдастыру қажет. Келесі талап қылмыспен күрес. Бүгінде еліміздегі бар қылмыстардың 94 пайызының ізі суымай ашылады. Үшіншісі қоғамдық қауіпсіздікті күзету. Соңғысы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қамтамасыз ету.

 

Заң жобасындағы жаңалықтың бірі – полицейлердің жұмысына қағидаттар бекітілді. Бастысы азаматтардың құқығын сақтап, сыйлау. Қоғамдық институттар, БАҚ-пен бірегей жүйеде іс-қимылда болу. Сондай-ақ құжатта куәлік етуге мәжбүрлеуге, күш қолдануға және құқыққа қайшы әрекеттерге тікелей тыйым салатын арнайы норма қамтылып отыр. Заманауи жоба бойынша негізінен қолданыстағы үш кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жарақаттайтын қаруды азаматтық айналымнан алынып, қызметтік қарудың қатарына ауыстырылды. Әкімшілік заңбұзушылықтар үшін 30 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ұлғайтылды.

Кейін мәжілісмендер “Нұр Отан” партиясының облыстық кеңсесінде өңір депутаттарымен жүздесті. Мақсат – жергілікті халық қалаулыларының шешімін күтіп, қордаланған мәселелерін білу.

 

Александр Казанцев,қалалық мәслихат депутаты:

Жылу мен энергиямен қамту бойынша келісімдерді біріктіріп жіберді. Сондай-ақ жұмыс басталмай-ақ құнын 100 пайыз төлеу керек деген талаптарын қойып отыр. Бұл тұтынушыларға үлкен кедергі жасауда.

 

Сондай-ақ жергілікті депуттаттар жарнамалық салықтың екі есеге ұлғайтылуы банерлердің қаңырап бос қалуына әкеп соққандығын тілге тиек етті. Облыс орталығының арнайы абаттандыру заңының жоқтығын айтып қалды. Бұл қарапайым тазалық шарасын елемегендерді жауапқа тарту арқылы тәртіпке шақыруға мүмкіндік бермей отырған көрінеді. Мәжіліс депутаттары көтерілген әр мәселе аяқсыз қалмайтынын жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов