Билік

Мәжіліс депутаттары Петропавлдың бірқатар нысандарын аралады

 

 

Ең алдымен депутаттар «Семейный» гипермаркетіне барып, азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты. Қазір мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны тұрақты. Егер қыста жұмыртқаның ондығы  150 теңгеге саудаланса, қазір оның құны 110 теңгені құрап отыр. Жалпы аталмыш сауда нысанындағы бағалар тұтынушылар көңілінен шығады. Онымен қоса тауар түрлері де көп.

 

Андрей Исаков, «Таткрафт-Инвест» ЖШС директоры:

– Біздің дүкенде бірнеше өндіріс ошағы бар. Мысалы етті қайта өңдеп, даяр өнімдердің түр-түрін жасап шығарамыз. Әрдайым таза етті саудалаймыз. Өйткені біз үшін ең бастысы ол тұтынушылар көңілінен шығу. Нан өнімдерін даярлайтын да цех бар. Бізде әрдайым ыстық нан болады. Онымен қоса, түрлері де көп.

 

Халық қалаулыры сауда орнында отандық өнімдердің көптігін атап өтті. Әсіресе, сөрелердегі сүт, айран, қатық, ірімшік пен қаймақтың денін солтүстікқазақстандық тауар өндірушілері шағарады. Депутаттар сауда орнындағы қант бағасының жоғары екендігін байқады.

Виктор Рогалев,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қант бағасы әлі де болса жоғары екен. Біз ескерту жасадық. Алайда сауда орнының директоры бізге ол жағдай бақылауға алынғандығын жеткізді. Тұрақтандыру қорынан қаржы бөлініпті, сондықтан жуық арада баға төмендейді. Ал нан бағасы өзгермеген екен. Біз тұтынушылармен де тілдестік, бағалар өзгеріске ұшырағанмен, аса ірі ауытқулар жоқ.

 

Бұдан кейін халық қалаулылары «Единство» ЖШС ат басын бұрды. Желтоқсан айынан бастап мұнда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған 890 млн теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Қазір серіктестік басшылығы жаңа қондырғылар алып жатыр. Солардың бірі итальяндық «Равелле» құрылғысы. Жаңа қондырғылардың арқасында өнім көлемін өсіріп, сапа деңгейін арттыру көзделіп отыр. Мәселен, мұнда ауысымына 60 сақина шығарылады екен. Кәсіпорын алдағы уақытта қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Кейін депутаттар Петропавл құбыр зауытында болды. Мұнда халық қалаулылары  құбыр  жасау технологиясымен таныстырылды. Өткен жылы кәсіпорын 2 млн доллардың өнімін экспорттаған, биыл бұл көрсеткішті еселей түсуді жоспарлауда.

 

Мұхамет Аязбаев, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС директорының орынбасары:

Биыл экспортты бұдан да арттыруды көздейміз. Ресейдің Уренгой кенішіне тауар жібереміз, ППУ изоляцияға. Өнімімізді 3 млрд теңгеге жеткіземіз деймін.

 

Бүгіндері кәсіпорын шығаратын құбырлар көп жылға шыдас береді. Оның үстіне серіктестік өнімді жасауда инновациялық технологияларды қолданады. Сондықтан болар, халық қалаулылары зауыт жұмысына оң бағасын берді.

 

Анатолий Пепенин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы инновациялық технологияларды қолдану жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Осы зауыт сол талаптарға сай. Экспорт көлемі де ауқымды. Жалпы даму көрсеткіші жақсы деңгейде.

Теріскейге жұмыс сапарымен келген халық қалаулылары өңірдің даму келешегі зор екендігін атап өтті.

Мағжан Ахмадина