Қоғам

Петропавлдың ортасынан этноауыл бой көтерді

 

Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында орын тепкен этноауылда тігілген киіз үйлер бірінен-бірі асады. “Қазақстанның орыс қауымы” қоғамдық бірлестігінің тұрмысынан сыр шертер заттар көздің жауын аларлықтай. Одан орыстың пеші, ыдыс-аяқ, орамал мен тоқыма заттарын кездестіресің.

 

Ксения Очкасова, облыстық “Қазақстанның орыс қауымы” қоғамдық бірлестігінің өкілі:

-Біздің киіз үйімізде орыс ұлтының тарихымен сабақтас күнделікті тұрмыста қолданған көне заттары қойылған. Олардың бәрін кезінде біздің ата-бабаларымыз пайдаланған.

 

 

Ал келесі киіз үйде “Кетрон” армян мәдени орталығы қанатын жайған. Мұндағы көрмеден ұлттық қуыршақтар, 19 ғасырдың киім-үлгілері, армян әліпбиі кітабы мен ыдыс-аяқтар жайғастырылған.

 

Ануш Цицулян, облыстық “Кентрон” армян мәдени орталығының жетекшісі:

– “Кетрон” армян мәдени орталығында ұлттық музыкалық аспаптары көп. Солардың ішінде дудук, швин, зурна аспабы ерекше құрметке ие. Орталық мүшелері  әсіресе жастарға ұлттық саз аспаптарымызды ойнауды үйретуде қыруар істер атқарудамыз.

 

“Бәрін айт та, бірін айт”, татулығы мен бірлігі жарасқан солтүстікқазақстандықтар осы күнге шүкіршілік айтып, бір-бірлерін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде.

Киіз үйлердің арасында белорус, еврей, шешен-ингуш пен поляк ұлтының тағамдары ұсынылып отыр. Олардың әрқайсысын дайындаудың өзіндік сыры мен ерекшеліктері бар, – дейді аспаздар.

 

Яна Воскобой, №9 орта мектептің асхана меңгерушісі:

-Неміс ұлтының тағамдары сан түрлі. Әсіресе ұннан жасалатын өнімдер. Олардың денін тәтті тоқаштар құрайды. Әрқайсысының өзіндік тіл үйіретін дәмі бар.

 

Мейрамға қаланың бірқатар мекемелері атсалысты. Солардың бірі – “Қазпошта” АҚ облыстық филиалы. Олар “Досыңа хат жібер” атты акция ұйымдастырыпты. Осы күні қаламыздың жер-жерінде түрлі ойын-сауық, спорттық шаралармен қатар суреттер байқауы да ұйымдастырылды. Басты тақырып – еліміздегі бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты бейнелеу. Одан балғындар алдарына жан салмады.

 

Людмила Зайнутдинова, “Юнеско” шығармашылық лицей-клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– “Мен әлемді бейнелеймін” атты суреттер байқауына  бүлдіршіндерден бастап ересек жастағылар да қатыса алды. Бұл жерде әр адам өзінің қабілетіне қарай қиялын ақ қағазға түсірді. Әр қатысушыға ынталандыру сыйлығы табыс етілуде.

 

Әйгерім Баян суреттер байқауына жылда қатысады. Оқушы мұндай жарыстарда жаңа достар табамын дейді. Тәжірибесін де ұштайды.

Қалалық демалыс саябағында балғындарға арналған “Достық шеруі” ұйымдастырылды. Онда жеткіншектер түрлі сайыстарға қатысып, өз бақтарын сынауда.

Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігі жарасқан айтулы күнді еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін бар сән-салтанатымен атап өтуде.

 

Бақыт Сәдуақасов