Қоғам

Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалының құрылғанына 80 жыл толады

 

Жыл сайын “Қызыл Ай қоғамы” ҚБ көмекке зәру жандарға әрдайым қол ұшын беріп отырады. Өткен 2013 жылы жоспарланған істердің барлығы толықтай орындалыпты. Мәселен, былтыр 247 толық емес отбасына қаржылай көмек көрсеткен. Әр ай сайын оларға 49 доллардан ақша берілген. Сонымен қатар, көше қаңғыбастарына киім-кешек пен ыстық тамақ үлестірілген. Қарттар, мүгедек, жетім жандар да назарсыз қалмапты.

 

Сәуле Оразова, “ҚР Қызыл Ай қоғамы” ҚБ СҚОФ директоры:

– 2013 жылдың нәтижесі біздің қоғам үшін жаман болған жоқ. Жоспарды 106 пайызға орындадық. Көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, материалдық, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Біз сонымен қатар, төтенше жағдайлар орын алған кезде де баспанасыз қалған жандарға көмектесеміз. Қоғамға жәрдем сұрап келген жандардың бірін де назарсыз қалдырған емеспіз.

 

Биылғы жылы да қоғамдық бірлестік өкілдері қайрымдылық шараларынан қалыс қалмайды. Жоспар бойынша 7 млн. 300 мың теңге жиналу керек. Егер өңіріміздің қалталы азаматтары қаржылай көмек көрсетіп жатса, бұл ақша мұқтаж жандарға жұмсалмақ.

 

Сәуле Оразова, “ҚР Қызыл Ай қоғамы” ҚБ СҚОФ директоры:

– Қызметкерлеріміз аз, ал көмекке зәру жандар көп. Десек те, барынша қызметімізді сапалы атқаруға тырысып жатырмыз. Алдағы уақыттағы жоспарлар да ауқымды. Соның ішінде БАҚ өкілдеріне де байқау жариялап отырмыз. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар күтіп тұр.

 

Баспасөз конференциясы алдағы 8 мамыр – Дүниежүзілік Қызыл Ай және Қызыл Крест күніне орай ұйымдастырылды. Сондай-ақ, биыл маусым айында “Қызыл Ай қоғамы” білестігінің облыстық филиалына 80 жыл толмақ. Бұл мекемеде бүгінде 5 адам қызмет етеді.

 

Бану Ахметова