Қоғам

Өз ісінің шебері

 

Орманшы Қазбек Ғабдулиннің жұмыс уақыты күн шығысымен басталады екен. Мамлют мемлекеттік орман мекемесіне қарасты 40 мың га тоғайлы алқап бар. Ондағы 5 мың га аумақтағы жасыл желектердің сақтығы күнделікті күзетте жүрген Қазбек Ағбарұлының жіті бақылауында.

Табиғат жанашырының бұл қызметте жүргеніне 20 жыл болыпты. Еңбек өтілінің соңғы 14 жылын Мамлют ауданындағы тоғайлар күзетіне арнаған. Жылда аудан алқаптарына егілетін 10 гектар жас көшеттің тең жартысы Қазбек Ғабдулиннің қол астындағы бригадаға тиесілі екен. Тәжірибелі орман шебері – үшінші топ мүгедегі. Жанарының көру қабілетінің нашарлығы өмірлік ісін сапалы әрі тиянақты атқаруға кедергі емес. Жұмыс бабында талай ағаш тамырына балта шабуға талпынғанның арам ісіне тосқауыл болыпты.

Жалпы бүгінде Мамлют орман шаруашылығында 41 адам еңбек етеді. Жер кебісімен қауырт маусым басталады. Сондықтан штаттық құрамды ұлғайту жоспарланып отыр.

 

Қайырбек Қасенов, Мамлют мемлекеттік орман мекемесіннің директоры:

– Біз жұмыспен қамту орталығына өтініш жібердік. Бос орындар бар. Жұмысқа мүмкіндігі шектеулі жандарды алуға ниеттіміз. Әзірге ешкім келген жоқ. Екі қолға бір күрек іздеп келгенді қатарға қабылдауға дайынбыз.

 

Жалпы өңіріміздегі барлық орман шаруашылықтарында еңбек етемін деген жарымжан жерлестерімізге бос орындар қарастырылып қойылыпты. Бұл Елбасы тапсырған жүктеме.

 

Жеңіс Ермұқанов