Қоғам

Жұмысшы кентіне баратын көпір жөнделеді

Жұмысшы кенті мен облыс орталығын жалғайтын мына көпір өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Содан бері оның асфальт жабындысы ғана алмастырылған. Қазір апаттық жағдайда деп танылған көпірді күрделі жөндеуге жабу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал ол кезде халыққа шамамен 20 шақырымдық айналма жолды пайдалануға тура келеді.

 

Дмитрий Фионин ,Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары :

-Халықтан аталмыш жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз. Ол аралықта кенттен қалаға немесе қаладан кенткен қатынау үшін “Оңтүстік” бекеті немесе Әуезов көшесі арқылы айналып жүруге тура келеді. Әзірге көпір құлап жатқан жоқ. Дегенмен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

 

Бүгінде Жұмысшы кентіндегі халық саны 10 мыңға жуық. Олардың дені облыс орталығында еңбек етеді. Көпірдің жабылуы оларға көптеген қиындық туғызары белгілі. Десек те бұқара онымен келісіп отыр. Көпірдің жөндеуден өткізілгенін құптайды.

 

Жұмысшы кенті тұрғыны:

Жұмысшы кентінде тұрамын. Қалаға осы көпір арқылы жиі қатынаймын. Ол апаттық жағдайда, шеттері опырылып жатыр, оған қоса адамға лық толы автобустар да осы жерден жүреді. Қайғылы оқиғаның алдын-алған дұрыс деп есептеймін. Уақытша ыңғайсыздыққа көнуге болады.

 

Әзірге Жұмысшы кенті мен облыс орталығын байланыстыратын көпірдің күрделі жөндеуге қашан жабылатыны белгісіз. Нақты дата Оңтүстік Орал темір жолының келісімінен соң нақтыланбақ. Сол аралықта жөндеуді жүргізетін мердігер компания да анықталатын болады. Десе де қалалық әкімдік қазір облыс орталығы мен Жұмысшы кентіне қатынайтын қоғамдық көліктердің қозғалыс тәртібін нақтылап қойған.

 

Азат Бейсембин, Петропал қалалық әкімдігі ТКШ бөлімінің бас маманы:

– Көпір жөндеуге жабылған шақта қала мен кент арасындағы қатынас үзілмейді. Балама жолайрықтар қарастырылған. Онда қала ішіне қатынайтын – 5, саяжайға қатынайтын 3 қоғамдық көлік жүретін болады. Бекітілген бағыттар бойынша 4М, 28, 16, 7, 8М автобустары кент пен қаланы байланыстырса, 42, 32, 36 бағытындағы автобустар Жұмысшы кентінен саяжайларға жүрмек.

 

Жұмысшы кенті мен облыс орталығын жалғайтын көпірді жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 567 миллион 710 мың теңгені құрайды. Ол сомаға қазір жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар сатылып алыныпты.

 

Самат Есмағи