Қоғам

Ұстаздар арасындағы байқау Қазақстан халқының бірлігі күніне арналды

 

Самал Әбілқайырова байқаудың талабы бойынша алғашқы кезеңде қазыларға 10 жыл бойы жинақтаған тәжірибесінің мол екендігін құшақ-құшақ құжаттары мен материалдарын көрсету арқылы дәлелдеген. Қазір екінші сынақтан өту үстінде. Талап бойынша ол жарты сағаттың ішінде өзіне таныс емес аудиторияда тыңдаушыларға қазақ тілі пәнінен сабақ беріп жатыр. Мұнда оның жаңа әдістер мен инновацияларды қаншалықты жетік меңгергендігі тексерілуде.

 

Самал Әбілқайырова, Новоишими орта мектебінің мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Мен арнайы 3 айлық Кембридж бағдарламасы негізінде жасалған әдістемелерді осы сабағымда қолдандым. Өзімнің ұсынған сабағым өзге үміткерлерден ерекшелеу болады деген үміттемін. Мен сонымен қатар ауылда мұғалімдерді де мемлекеттік тілге үйретіп жүрмін. Соған сәйкес сөздік кітапшасын құрастырып жатырмын. Ол еңбегімнің пайдасы келешекте қазақ тілін үйренемін дегендерге көмекші құрал болады.

 

“Тіл мерейі” облыстық байқауына аудандық және қалалық кезеңдерден өткен 15 оқытушы қатысуда. Алдыңғыларының еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Біразы тәжірибенің көп бөлігін мектеп қабырғасында жинаған. Сондықтан мемлекеттік тілді үйретуде ересектер мен оқушылардың бабын қатар табады. Сондықтан бәсеке жоғары дейді ұйымдастырушылар.

 

Әсем Сүлейменова, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы:

-Ашық сабақтарда әділқазылар ең алдымен оқытушының шеберлігіне қарайды. Ол өзіне берілген уақытты барынша ұтымды пайдалана білуі қажет. Сонымен қатар сабақ барысында топпен және жекелей жұмыстарда әдіс-тәсілдерді шебер қолданса игі. Және қазіргі заманның талабына сәйкес инновациялық технологияларды қаншалықты меңгергендігі сыналады.

 

Онымен қоса қазылар іріктеу кезеңінде ұстаздың мәдениеті, тіл шеберлігі, өзін ұстауы мен тіпті киім үлгісінен де мін іздейді екен. “Тіл мерейі” облыстық байқауында жүлдеге іліккендерге арнайы сый тағайындалған. Ал үздігі қыркүйек айының басында елордасы Астана қаласына барып, өңір намысын қорғамақ.

 

Берік Қасен