Балалар

“Қазақстан – ұлтаралық және дінаралық келісім аймағы”

 

Қазақстанның кемел келешегі жастардың қолында екендігін ескерсек, бүгінде оларға жүктелер міндет те қомақты. Бүгінгі таңда 130-дан астам ұлт пен 17 конфессия өкілдеріне еліміз құтты мекен бола білді. Халықтар татулығы біздің басты байлығымыз. Мұны шетелдіктер де қазіргі күні бағалай бастады. Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуға жастар да үлес қосу керек дейді дін өкілдері.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров әсіресе қазақ жастарына мәдени құндылықтарымызды жоғалтпай, басқа ұлттар мен ұлыстарға құрметпен қарап, қонақжай, көршіге мейірімді халық екенімізді одан әрі дәлелдеуіміз қажет деді.

 

Ершат Оңғаров, ҚМДБ уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі:

-Исламда адам қоғамның алдында және өзін қоршаған орта алдындағы жауапкершілік дегенің өзіңмен жұмыс істейтін әріптестеріңмен, достарыңмен, туған-туыстарыңмен, көршілеріңмен тату-тәтті, ынтымақта, ауызбіршілікте өмір сүруге шақырады. Ол туралы халық арасында “Көрші ақысы-құдай ақысы” деген сөз де бар.

 

“Томирис” гендерлік білім беру орталығы жастар форумын Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында ұйымдастырып отыр. Шараға сондай-ақ этно-мәдени орталықтардың өкілдері мен тарихшылар, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Олар да өз кезегінде жастарға татулық пен бейбітшіліктің маңыздылығын түсіндіріп бақты.

 

Владимир Эрман, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Ұлтымыз бен дініміз бөлек болғанымен біз ешқашан да бөлінбеуіміз керек. Егер сіздер болашақта бейбіт заманда ғұмыр кешемін десеңіздер қазірден бастап бейбітшіліктің мағынасын ұғынғандарың дұрыс. Осымен айтпағым бәрі тек өз қолымызда. Сондықтан бәріңе ашық аспан, бақыт тілеймін.

 

Жастарды тәрбиелеуге бағытталған осы сынды іс-шара еліміздің басқа да өңірлерінде жүргізіліп жатыр.

 

Берік Қасен