Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті

 

Тәуелсіз Қазақстан 130-дан астам ұлттар мен ұлыстарға ортақ мекен бола білді. Әрқайсысының діні мен ділі, түрі мен тілі бөлек болғанымен, тілектері бір. Ол – бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісім, татулықта өмір сүру.

 

Ұлтаралық достық пен дінаралық ауызбіршіліктің нық орнауына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі зор. Бүгінгі жетістіктерімізде қоғамдық институттың атқарған ісі молынан. Оны одан әрі де дамыту керектігін міндеттеген болатын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда өткен Ассамблеяның 21-ші сессиясында. Сол тапсырмаларды жергілікті жерде жұдырықтай жұмылып, жүзеге асыруымыз керек деп атап көрсетті облыстық Ассамблеяның 19-шы сессиясын ашқан өңір басшысы Самат Ескендіров.

Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді дейді. Осыны алға тартқан ұлт көшбасшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауында “Мәңгілік ел” идеясын ұсынған болатын. Ондағы мақсат – көпұлтты Қазақстандағы татулықты нығайту.

Еліміз көпұлтты болғанымен олардың ешқайсысының өз тілін, діні мен мәдениетін дәріптеуге шектеу жоқ. Әрқайсысының тағдыры әр қилы, қазақ жеріне қоныс аударуларына да тарихи оқиғалар себепші болған. Алайда уақыт емші, ол қиындықтардың бәрін ұмыттырды. Бүгінде Қазақстан бәріміздің ортақ мекенімізге айналды деп атап көрсетті сессия барысында сөз алған өзге ұлт өкілдері.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ертеңі жастардың қолында деп атап көрсеткен болатын. Демек ұлт көшбасшысы ұсынған “Мәңгілік ел” идеясын жүзеге асыру да осы жастарға жүктелмек. Елінің ертеңін ойлаған өскелең ұрпақ, ол міндеттерді тиісті деңгейде жүзеге асырамыз деп отыр.

Татулығы нық орнаған елдің ұйқысы тыныш. Ол көпұлтты Қазақстан үшін айтылған сөз. Оның мәні мен мағынасын кез келген адам терең түсініп, халықтар арасындағы достық пен дінаралық татулықтың уығын одан әрі нығайтуға әр қазақстандық үлес қосуы қажет деп атап көрсетті өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков. Алқа отырысының соңы халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар солтүстікқазақстандықтарды марапаттауға ұласты. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік” алтын медалі, ” Құрмет грамотасы”, “Алғыс хатымен” 8 жерлесіміз марапатталса, өңіріміздегі ауызбіршілікті дамытуға қосқан еңбегі үшін 7 солтүстікқазақстандық облыс әкімінің алғыс хатын және құрмет грамоталарын иемденді. Сессия жұмысы қарар қабылдаумен аяқталды. Онда солтүстіктікқазақстандық ассамблея мүшелері 21 сессияда Елбасы жүктеген міндеттерді бір адамдай жүзеге асыруға әзір екендіктерін атап көрсетті. Алқа отырысы жергілікті этно-мәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Самат Есмағи