Энергетика

Петропавл жылу-электр орталығына кезекті баспасөз туры ұйымдастырылды

Ең алдымен жиналғандарға 6-шы және 7-ші қазандықтардың жұмысы көрсетілді. Соңғысы 2012 жылы іске қосылыпты. Қалыпқа келтіру жұмыстарынан кейін ондағы бу өнімділігі сағатына 220-дан 270 тоннаға дейін артқан. Ол электрэнергия көлемін өндірудің артуына септескен. Кәсіпорын бұл жұмыстарға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсапты. Сондай-ақ қонақтар жаңадан салынып жатқан 8-ші қазандықтың жұмысымен де танысып өтті. Бүгіндері мұндағы жөндеу шаралары 88 пайызға тындырылған.

 

Виктор Бармин, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ 2-ЖЭО директоры:

– 2013 жылдың желтоқсан айында 4-ші турбоагрегатты іске қостық. Оған біз 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсадық. Қондырғыны жөндеу 2015 жылға дейін жалғасатын қалыпқа келтіру және техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі инвестициялық бағдарламаның арқасында мүмкін болды. Жаңа қондырғыны орнатудың арқысында станциядағы электр энергиясы мен жылу энергиясының қуаттылығы артып отыр.

 

Бүгіндері турбоагрегаттың жеке басқару орталығы бар. Мұнда барлығы автоматтандырылған. Былтыр кәсіпорынға 6 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған. Соның арқасында тозығы жеткен құрылғыларды жаңалауға мүмкіндік туыпты.

 

Марат Мұстафин,ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

Износ мөлшерін азайттық. Бұл жұмыстарды алдағы уақытқа дейін жалғастырамыз. 2016 жылға дейін станцияларды жаңарту жұмыстарын қолға алмақ ойымыз бар.

 

Алдағы жылы кәсіпорын инвестициялық бағдарлама бойынша атқаратын жұмыстар легін жалғастыруды көздеп отыр. Серіктестік 2015 жылға дейін 1-ші турбоагрегатты алмастыруды қолға алып, 5-ші және 1-ші қазандықтарда жөндеу жүргізбек.

 

Мағжан Ахмадина