Қоғам

Инновациялық жобаларды мемлекеттік қолдау

Өңір кәсіпкерлерінің басын қосқан елордалық меймандар алдымен жиналған қауымды негізгі қызметтерімен таныстырып өтті. “Технологиялық дамудың Ұлттық агенттігі” АҚ 2012 жылы құрылыпты. Мақсат – жеке ісін өркендетемін деген белсенділердің тың бастамаларын жүзеге асыруға септесу. Ұшқыр ойлардың бәрі бірдей қолдау таппайды. Ең бастысы өндіріс саласына қатысты өміршең жоба болу керек.

 

Артем Возжаев, “Технологиялық дамудың Ұлттық агенттігі” АҚ орталығының басқарушы директоры:

-Біз 2013 жылға дейін ғана 1300-ден артық өтінішті қарадық. Әзірге тек 9,3 млрд теңгенің 210 жобасы мақұлданды. Бүгінде Қазақстанда 8 технологиялық парк пен 5 құрастыру бюромыз жұмыс істейді. Жоғарғы оқу орындарының қабырғасынан орталықтар мен кеңселеріміз құрылып жатыр.

 

Агенттік 6 бағытта жұмыс жасайды. Негізінен инновациялық кәсіпорындарды қаржылай сауықтырумен айналысады. Мемлекеттік грант беріліп, жобаларды бастан аяқ іске қосуға дейін ақшалай қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ іс жүргізу бойынша түрлі консалтингтік қызметтер ұсынылып, кеңестер беріледі. Акционерлік қоғам арқылы жаңа бастамаларға 5 жылға 1 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие рәсімдеуге болады. Жеке ісіне жаңа дем беруді көксейтін бизнесмендерге өзге де үкіметтік қолдау тетіктерінен облыс әкімінің орынбасары Ерлан Аукенов құлағдар етті. Негізінен көпке аян “Бизнестің жол картасы”, “Экспортер” “Өндіріс-2020” сынды бағдарламалардың жаңашылдықтарына тоқталды. Өңірімізде әлеуеті зор қай саланы алып қарасақ та, ендіруге тиімді алғы шарттар жеткілікті.

 

Ерлан Аукенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Өңір банктерінің әрбірінде жүзеге аспай қалған 2-3 жобадан жатыр. Негізінен мемлекеттік қолдауға лайық бастамалар аяқсыз қалған. Форматын сәл заман талабына сай өзгертсек, қолданысқа жарап қалады. Бүгінде облыста 256 пайдалы жер асты қазба орындары ашылды. Алайда тек 5/1 ғана өндірістік дәрежеге жетті. Бұл әлеуетті пайдалану керек. Өйтпегенде, өзімізде барды өзгеден тасымалдауға мәжбүр боламыз.

 

Сондай-ақ өңір жетекшісінің орынбасары сырттан қаржы тарту ісіне қан жүгіртудің маңыздылығына тоқталды. Бүгінде облыстың инновациялық дамуы 4 есеге артса-дағы, өңірге құйылатын инвестиция соншаға азайып қалған.

 

Жеңіс Ермұқанов