Білім

Академик Мұрат Айтқожинның мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция

 

Конференцияға жиналған ғалымдар академиктің биология ғылымына енгізген тың жаңалықтары туралы ой қозғады. Әсіресе оның молекулалық биология мен биотехнологияның дамуына қосқан үлесі молынан. Мұнан бөлек, ол жасушалық макромолекулалардың синтезі саласында да аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Елордалық профессор Марат Молдахметов  ғалымның құрметіне  арнайы баяндамасын әзірлеген. Химия ғылымдарының докторы Мұрат Айтқожинның өмірі мен ғылыми жазбаларына тоқталып өтті.

 

Марат Молдахметов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы президентінің орынбасары, профессор:

Ол кісі өсімдік рибосомаларының физикалық-химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Сондай-ақ жануар мен өсімдік жасушаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулердің эволюциялық теорияны дамытуда маңызы зор болды.

 

Конференцияда Мұрат Айтқожин қалдырған мұраны зерттеумен қатар, биология ғылымының дамуына үлес қосып келетін жаңашыл студенттердің бірқатарына дипломдар табыс етілді. СҚМУ студенті Сәуле Табылдинова бірінші ұлттық экологиялық форумға белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталды. Студент жетекшісінің қолдауымен ғалымның еңбектеріне қатысты баяндамасын сәтті қорғап шыққан екен. Ол болашақта осы бағыттағы жұмысымды жетілдіремін деп отыр.

 

Сәуле Табылдинова, СҚМУ студенті:

Мұрат Айтқожин еліміз бен шетелге танымал ғалымның бірі. Оның қалдырған ғылыми еңбектерінің негізінде қазір біз білімімізді жетілдіріп жүрміз. Осындай жиналыстардың арқасында керекті ақпараттарды өз жұмыстарымызда пайдалануға мүмкіндік бар. Ұстаздар қауымы да жобамызға қол ұшын беріп, бағыт-бағдар сілтейді.

 

Отырыста ғалымның аяқталмай қалған зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру мәселесі қозғалды.

 

Бақыт Сәдуақасов