ТЖ

Су тасқынына дауыл қосылды

 

 

Сенбі күні қаладағы бірден бірнеше аудан электр қуатынсыз қалды. Тұрғындар қатты желдің кесірінен жарықтан қағылған. Сондай-ақ, дауыл Петропавлдағы кей ғимарат, дүкендердің маңдайшалары мен баннерлерін жұлып әкетіпті. Құйын кезінде аударылып қалған аялдамалар да табылды. Қатты дауылдың салдарынан жылыжайлар да жапа шегіпті. «Наурыз- 2030» ЖШС-нің қызметкерлері демалыс күндері өнімдерін құтқарумен болған.

 

Гюлага Илдырымов, «Наурыз-2030» ЖШС директоры:

– Сағат 12 шамасында маған қоңырау шалып, қатты жел қаптаманы жұлып әкетті деді. Мен өзім мұнда әзер дегенде сағат 3 кезінде жеттім. Тіпті көлікпен жүрудің өзі мұңға айналды. Бізде 43 жылыжай бар. Барлығы зардап шекті. Әсіресе, 12-ші секцияда шығын көп.

 

Қатты дауыл аудандарды да айналып өтпепті. Құтқарушылар ауылдарда ғимараттардың шатырын жұлып әкетудің 7 фактісін тіркеген.

 

Евгений Журавлев,СҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

-Бір қуаныштысы, апаттардың салдарынан мертіккендер жоқ. Аққайың ауданындағы Смирново елді мекенінде желді күні 3 оқиға тіркелді. Мұнда дүкен, мектеп пен тұрғын үйдің шатырларын дауыл ұшырып әкеткен. Нақ осындай жағдайлар Рублевка мен Бескөлде де тіркелді.

 

Апат айтып келмейді. Соңғы күндері кей аудандар қатты желден зардап шексе, енді біреулеріне тасқын су қатер төндіріп отыр. Есіл өзенінің деңгейі күн өткен сайын көтеріліп келеді. Соңғы тәулік ішінде су тағы 10 см-ге жоғарылаған. Сөйтіп, Заречный кентіне барар жолды су шайып кеткен. Қазір мұндағы тұрғындар қалаға арнайы көпір арқылы ғана қатынайды.

 

Евгения Минх:

– Әрине өте қиын, мектептен шығып, үйірмелерге барамыз. Мына жерді жүріп өту үшін 30-40 минут кетеді. Сосын автобуспен керек жерге барамыз. Өте ыңғайсыз.

 

Аудан тұрғындары діттеген жеріне жету үшін қиындықтар көріп жүрсе, балықшылар керісінше пайдаға кенелуде. Есіл арнасынан шыққалы олар алыстан арбаламай, жақыннан дорбалауда. 19-шы шағын аудан тұрғындары мына жерде балық аулауды әдет қылған. Федор Чепиков солардың қатарында. Өткен жұмада ол нақ осы көлшікте қармағына 8 келіге жуық балық түсірген.

 

Федор Чепиков:

-Өткен жексенбіде балық қармаққа жақсы түсті. Пайдаға біраз кенелдік. Ал бүгін ісіміз жүрмей жатыр.Әлі 1-2 ғана балық ілікті.

 

Қауіпті маусым басталғалы бұл учаскені құтқарушылар ерекше бақылауға алған. Арнайы техника болмаса, бұл жолмен жүру мүмкін емес.

 

Болат Құсайынов, СҚО ТЖД Петропавл қаласы бойынша ТЖ басқармасының бас маманы:

– Біз бұл жерде 2 жұмадан бері кезекшілік атқарудамыз. Аудан тұрғындарына азық-түлік апарысып, сырқат жандарды жеткізуге көмектесеміз. Үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ. Алайда саяжайлардың барлығы дерлік зардап шекті.

 

Мамандар жағдайдың қашан тұрақталатынын айтуға асықпайды. Өйткені Есіл өзеніндегі су деңгейі күн сайын өзгеруде.

 

Мағжан Ахмадина