Мәдениет

“Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан”

 

Суреттер, мүсін, ғимарат макеттерін ұсынған авторлардың ең жасы 3-те болса, ересегі 17-де. Байқауда тақырып, материал мен сурет салудың техникасы мен туындының форматына шектеу қойылмаған. Мәселен, “Су әлемі” деп аталатын фюзинг техникасында орындалған мына туындыны 7 жасар Данил Кузнецов ойда жоқта жасап шығарған. Оған бұл идея пештегі балқып жатқан шыныны көргеннен кейін келіпті. Одан бөлек мұнда балшық, киіз, ермексаз, қамыр, әйнек, қатырма қағаз, тағы да басқа материалдардан дайындалған бұйымдар қойылған. Мұның бәріне елордалық, алматылық меймандар аса мән берді.

 

Георгий Пешин, Өнер колледжінің студенті:

-Мен бұл суретімді кофе техникасында орындадым. Дәл осы техниканы мен Алматы қаласында өткен шеберлік сабақтарының бірінде үйренген болатынмын. Маған ол бірден ұнады. Сондықтан жақсы нәтижеге жету үшін кофе техникасын 2,3 жыл үйренуіме тура келді.

 

“Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан” республикалық байқауына солтүстік өңірден жалпы саны 430-дан аса жұмыс ұсынылыпты. Облыстық іріктеу кезеңіне олардың тек 200-і ғана ілікті. Бүгін оның 81-ін елордалық қазылар таңдап алды. Бұл туындылар енді Алматы қаласында тағы іріктеліп, ерекше дегендері арнайы альбомға енгізілетін болады.

 

Гүлзия Исенова, Астана қалалық балалар көркем сурет мектебінің директоры:

-Осы альбомға 3 пен 17 жасқа дейінгі барлық балалар мен жасөспірімдердің суреттері енгізілген. Биыл біз тағы да Қазақстанның бүкіл өңірлерін аралап, балалардың жақсы деген суреттерін жинақтап, күз айында осындай альбом етіп шығарамыз.

 

ҚР Суретшілер одағының мүшесі Өмірбек Жұбаниязов болашақ суретшілерге шеберлік сағатын өткізу үшін Алматыдан арнайы келген. Ол өнер колледжінің студенттеріне “Патин” деп аталатын декоративтік безендіру технологиясын таныстырып, оны орынды қолдану амалдарын үйретті. Бұл әдіс осыған дейін ғимарттардың ішіндегі қабырғаларды әсемдеген кезде пайдаланылыпты. Ал қылқалам шебері оны кенепке түсіріп, одан өзгеше үлгідегі суретке ие болған.

 

Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– “Патин” деп аталатын декоративтік безендіру технологиясын мен француз декораторынан үйрендім. Мен онымен Ашхабадта Түркімен басшысының резиденциясын безендіргенде бірге жұмыс істегенмін.

 

Өмірбек Жұбаниязов бұл технологияны еліміздің өзге қалаларындағы жас суретшілерге де үйреткен.

 

Берік Қасен