Білім

Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге дайындалып жатыр

 

 

Бүгінгі таңда Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болу – кез-келген ел үшін дүниежүзілік тауар айналымы мен қызмет көрсетудегі өркениеттілігінің жоғары көрсеткіші болып табылады. Қазақстан оған кіру жолын 1996 жылы ресми өтініш берген кезден бастады. Бүкіләлемдік сауда ұйымына қашан және қандай шартпен қосылу керек? Ғаламдық бастаманың біздің экономикамызға тигізетін салдары қандай деген сұрақтар туындайды. Бұл мәселе жергілікті кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен СҚМУ студенттерінің бас қосуында талқыланды.

 

Мұрат Жәкенов, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Басты талап – бәсекеге қабілетті болу. Ұлттық мүддені қорғап, отандық кәсіпкерлікті әлемдік стандарттарға сәйкестендіру. Ол үшін алғы шарттар бар. Қазақстан ауылшаруашылық және өнеркәсіп тауарларына тариф ұсынысы бойынша нақты келісімге қол жеткізді. Бұл біріншіден, аграрлық өңір өнімін сыртқа экспорттау үшін тиімді болмақ.

 

Жаңашылдықтың маңыздылығы жергілікті университеттің тарих, экономика және құқық кафедрасының студенттеріне түсіндіріліп жатыр. Бекер емес. Әлемдік нарыққа мықтап бекуде білікті мамандар қажет. Әсіресе қаржылық кәсіп иелеріне артылар жүк ауыр.

 

Әсем Әубәкірова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Бұл отандық тауар өндірушілеріне берілген тамаша мүмкіндік. Маңызды шарадан шет қалмау үшін кәсіпкерлер халықаралық деңгейде жұмыс жасай білу керек. Шетелдермен алыс-беріс экономикамызды дамытатынына сенімдімін.

 

Әлемдегі 192 мемлекеттің 160-қа жуығы осы халықаралық ұйымға мүше. Олар арқылы дүние жүзіндегі сауданың 98%-ы жүргізіледі. Алға қойған мақсатымызға жетсек, еліміздің экономикалық бәсекелестігін баршаға мойындатамыз. Ең бастысы – бұл қадам отандық тұтынушыға жететін тауардың сапасына шүбә келтірмеудің кепілі болмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов