Қоғам

Чернобыль апаты құрбандарын еске алу күні

 

 

Арғын Жұмабеков Чернобыль атом-электр станциясындағы апатта қаза тапқандардың құрметіне тұрғызылған ескерткіштің маңайына жиі келіп тұрады екен. Ол 1986 жылғы әлемді дүр сілкіндірген жарылыс орын алғанда Украинада әскери борышын өтеп жүрген. Сол кезде не бары 20 жасқа жаңа толған бозбала апатты залалсызландыруға қатысқан.

 

Арғын Жұмабеков, СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ мүшесі:

-Батыс Укараинаның Львов қаласында әскердегі біздің бөлімшеміз түгел сол Чернобыль стансасына жіберілді. Біз онда үйлерін тастап кеткен адамдардың дүние-мүлік, малдарын күзеттік. Менің айтарым бәріне әркімнің өз отаны ыстық. Сондықтан мұндай опатты ешкімге тілемеймін. Барлығы аман болсын. Әлемнің әр түкпірінде тірлік, бірлік болсын. Осы өмірде біз қонақпыз.

 

Жарылыста қаза тапқандарды еске алуға жиналған петропавлдықтар мен апат куәгерлері 1 минуттық үнсіздіктен кейін, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

 

Ақатжан Арықов, СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ төрағасының орынбасары:

-Қазақстаннан Чернобыль апатын залалсыздандыруға 85 мыңнан артық адам барды. Қазір соның республика бойынша 10 мыңдайы ғана тірі жүр. Енді осындай жағдайлар қайталанбасын, оны кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілеймін. Ол үшін оған барлық ел жұмыла күш болып, қарсы тұруы керек.

 

Бауыржан Мыңбасаров, ҚР ҚМ “Әскери-техникалық мектебі” РМҚК Петропавл қалалық филиалының курсанты:

-Осындай жағдайлар қайталанбасын. Барлық жерде бейбітшілік болсын. Апат ошағында болып келген адамдардың денсаулықтары мықты болсын. Жанұяларына тек бақыт тілеймін.

 

Чернобыль атом-электр станциясындағы жарылыстың орын алғанына биыл 28 жыл толды. Одан зардап шегіп, денсаулықтарынан айырылған жерлестеріміздің қатары жыл санап сиреп барады. Бүгінде ядролық апатты ауыздықтаған 2 мың-ға жуық солтүстікқазақстандықтың не бары 430-ң ғана көзі тірі. Көпшілігі мүгедек болып қалған.

 

Берік Қасен