Қоғам

Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагері Василий Турашевке сыйлық тапсырылды

 

 

Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесі жақындап қалды. Ал сол соғыста жаумен арпалысқан ардагерлерге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Қан майданды көзімен көрген жауынгердің бірі – Василий Турашев. Қарт майдангер 1926 жылы 15 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданының Октябрь селосындағы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Қария жастайынан колхоз жұмысының бел ортасында жүрген екен. Ол кездегі 17 жасар бозбала 1943 жылдың желтоқсанында Семей облысының Аягөз қаласына әскери қызметке шақыртылған. Майдангер 3-ші атқыштар бригадасының 209-шы қосымша полкінде қызмет етіпті. Соғыс ардагері Василий Турашев қанды соғысты былайша еске алуда.

 

Василий Турашев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

1944 жылдың мамыры мен 1945 жылдары “Багратион” операциясына қатыстым. Онда біз Белоруссия елінің жерлерін азат еттік. Кейін Витебск қаласын жаудан құтқардық. Одан соң Паневежис, Шауляй, Тукумус қалаларында да ұрысқа түстік. Осы уақытта 2 рет дене жарақатын алып, дәрігерлердің көмегімен аяққа тұрдым.

 

Ардагер ұрыс жылдары жауынгерлерге оңай болмағандығын айтуда. Соғысты басынан-аяғына дейін көрген көнекөз қария жеңіс күнін Лиепава қаласында қарсы алған.

 

Василий Турашев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

-Соғыс сол уақытта өмір кешкен әр адамға оңай тиген жоқ. Ұрыстың аяқталғанын естігенде қатты қуандық, әрине ол жеңістің қуанышы болатын. Бірақ, соғыс жолында талай жауынгер азаматтардың өмірі қыршынынан қиылды. Маған ұрыс даласындағы ерлігім үшін “Ұлы Отан соғысы” медалі мен “Ерлік көрсеткені үшін” төсбелгісі табыс етілді.

 

Ардагерді мейрам қарсаңында құттықтауға ҚР ІІМ ІӘ Бас қолбасшысының орынбасары  Мухаметқали Сатов Астанадан арнайы келген екен. Елордалық мейман майдангерге тоңазытқышты сыйға тартты.

 

Мұхаметқали Сатов, ҚР ІІМ ІӘ Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары:

-Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің арқасында бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз, оларға тағзым етеміз деп айтқан болатын.

 

88 жасты алқымдаған ардагер – бүгінде ұл-қыздарынан шөбере сүйіп отыр.

 

Бақыт Сәдуақасов