Қоғам

Чернобыль апатына – 28 жыл

 

Жоламан Айтжанов Чернобыль атом-электр станциясындағы ядролық апатты заласызландыруға қатысқан жерлестеріміздің бірі. 1986 жылы әлемді дүр сілкіндірген жарылыс орын алғанда ол Петропавл жылу желілерінде қызмет етіпті. Сол уақытта 2 баланың әкесі атанып үлгерген 33 жасар жерлесіміз Украинадағы қайғылы оқиғаға немқұрайлық танытпағандардың қатарында болды. Жергілікті темір ұстасы Хиросимадағы жарылыстан қуаты 200 есе артық апат орнында 6 ай бойы жұмыс атқарған.

Содан бері талай уақыт өткенімен әр сәті есінде. Кесірін әлі татып жүрмін дейді. Үйге оралысымен радиацияға ұшыраған ағзасы сыр бере бастапты. Денсаулығын талай шыңдағанымен ем қонбаған. Ал 1997 жылдан жұмысқа мүлдем жарамай қалып, 2-ші топ мүгедегі атанды.

Қайғылы дата қарсаңында кезекті рет жергілікті одақтың төрағасы Жоламан ағаның үйіне қонаққа келіп отыр. Шет елдің төтенше жағдайы бастарын қосқалы бауырласып қалған жандардың жолдастығы әлі үзілген емес. Юрий Лошкарев Жоламан Айтжановқа бірлестік атынан сыйын ала келіпті.

Әлемдегі ең ірі жарылыстан соң, 28 жыл өтсе-дағы, оның зардабы халыққа әлі тиіп жатыр. Апаттың салдарын жойып, жапа шегушілерді құтқару шарасына 2,5 мың солтүстікқазақстандық қатысыпты. Бүгінде олардың тек 400-і ғана жер басып жүр. Төтенше жағдайды ауыздықтаған петропавлдықтардың 122-ң көзі тірі. Қайырымды іске тартылғандардың көпшілігі мүгедек болып қалды. Чернобыль апатында қаза тапқандардың құрметіне облыс орталығында ескерткіш тұрғызылған.

 

Юрий Лошкарёв СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ төрағасы:

– Атаулы күнге орай облыстық мәслихаттың шешімімен бізге бір реттік әлеуметтік төлем жасалды. Қаржылай қолдау 15 АЕК мөлшерінде. Әрбіріміздің есеп шотымызға 27 мың 800 теңге аударылды. Жыл сайын еліміздің сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Ай сайынғы жәрдемақы үздіксіз беріліп тұрады. Түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бағыттық көліктерде тегін қатынаймыз.

 

Сәуірдің 26 күні өзгені өлім аузынан алып шығамын деп қаза тапқан өжет жерлестеріміздің рухына тағзым ету шарасы өтеді.

 

Жеңіс Ермұқанов