Билік

Өңір басшысы Самат Ескендіров бірқатар аудандар әкімдерінің жұмысын сынады

 

Жылдың алғашқы ширегінде облыс бюджетінің жоспары 124 пайызға орындалған. Межеленген кіріс көлемі 578 млн теңгеге артық еңсерілген. Дей тұра Айыртау ауданының қазынасына – 60, Есілге 12 млн. теңге түспепті. Бұл тек өткен тоқсанның қорытындысы.

 

Қайрат Жолмұхамбетов, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Жергілікті бюджеттің жылдық жоспары 22,8% орындалды. Айыртау ауданында бұл көрсеткіш тек – 12,2%, Есілде – 17,3%, М. Жұмабаевта- 19,3%, Аққайыңда 19,5% құрады. Меже 24,8% еді. Нәтижесінде 27,4 млрд. теңгенің 6,2 млрд. ғана түсті.

 

Өңір қазынасының шығыс бөлігі де жоспарға сай емес. Тек 91,7 пайызы уақытымен игерілген. Тайынша, Ақжар, Уәлиханов пен Қызылжар аудандары кертартпалық танытуда. 470 млн теңгенің мемлекеттік сатып алу байқауы кешеуілдеген. Өңірдің даму деңгейін тежеп тұрғандардың тізімінде Есіл ауданы жиі кезікті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Есіл ауданының экономикалық дамунда не болып жатыр. Бюджет кірісі 12 млн. теңгеге орындалмады. Аудандық қазына жоспарының 10 млн игерілмеді. Жеке табыс салығын тапсыру жағы да көш соңында. Еш уақытта бұл аудан бұлайша төмендемеген. Себебі не? Есіл ауданының әкімі Мұратпек Әбішевке бюджеттің кірісі мен шығысын дұрыс реттемегені үшін ескерту жасаймын.

 

Селекторлық байланыста Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров та өңір жетекшісінің сын садағына ілікті. Өткен үш айда ғана облыстық бюджет 60 млн теңгеге орындалмаған. Жылдық жоспар көрсеткіші 16,9% ғана.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– 2012 жылы қауырт маусымында Айыртау ауданы бүгінгіден 2 есеге артық көрсеткіштерге қол жеткізді. Жеке табыс салығы 2013 жылғы салық түсімінің 71 пайызына әрең жетіп отыр. 30 млн. теңгеге аз. Айыртау ауданының әкіміне сөгіс жариялаймын.

 

Жеке табыс салығының өтелуі де көңіл көншітпейді. Әсіресе жер емген диқандар салық жүктемесіне немқұрайлы қараған. Мәселен, Қызылжар ауданының агроқұрылымдары гектарына шаққанда 100 теңгеден есеп айырысады. Ақжарлық шаруалардікі не бары 40 теңгені құрайды. Самат Ескендіров аудан басшысына ауыл шаруашылығына жетекшілік ететін орынбасарына сөгіс жазасын қолдануды ұсынды. Өңір жетекшісі барлық аудан әкімдеріне бюджетке қатысты терең талдау жасап, олқылықтарды дереу түзеуді тапсырды.

Кейін отырысқа қатысушылар облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне ден қойды. Жыл басынан 34,6 млрд теңгенің өнімі шығарылыпты. Шағын және орта кәсіпкерлік субектілері 15,5 пайызға артқан. Жалпы өндіріс көлемінде өсім бар. Алайда жекелеген тұстары сын көтермейтіндей жағдайға жеткен.

 

Айгүл Хасенова, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Ет пен тамақ өндірісі 10,5% төмендеп отыр. Машина жасау саласының өнімі 23% төмендеді. Жүзеге асырылған 28 инновациялық жобаның үшеуі әлі толық қуатқа көшкен жоқ. Биыл 31,3 мың бас ірі қара облысқа жеткізіледі. Әзірге тек 2,5 мыңы келген. Бұл жоспардың 8% ғана құрайды. «Сыбаға» бағдарламасына тек 5 аудан қызығушылық танытып отыр.

 

Баяндамада әлеуеті төмен көш соңындағылар қатарында тағы да есілдіктер өзгелерден жиірек айтылды.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

– Есіл ауданы тауар айналымы мен ет өндірісі, жол картасы, сырттан инвестиция тарту мен жеке индекс көлемі жағынан қарқындарын төмендетіп алды. Балабақшамен қамту бойынша аудандар арасында соңғы орында. Бұл не масқара. Неге жұмыс істегілерің келмейді. Әлеуеті әлдеқайда жоғары аудандардың бірі ғой. Неге қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланбайсыңдар.

 

Сондай-ақ жиында көші-қон мәселелері де талқыланды. Өткен жылы ғана 15 мың өңір тұрғыны облыс аумағынан қоныс аударған. Көбі әл-ауқатын жақсарту қамында өзге аймақтар мен көрші елдерге кетіп жатыр. Көшушілердің 77 пайызы еңбекке жарамдылар.

 

Айгүл Хасенова, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Басты себеп – облыстағы жалақының республикалика бойынша ең төмендігінде. Көршілес Ақмола облысындағы еңбек – 6, Қостанайда 10 пайызға жоғары бағаланады. Жұмыс тапшылығы мен баспананың жетіспеушілігі. Әлеуметтік нысандар мен жол инфрақұрылымының қамтылу жағы да төмен. Соңғы жылы 17 мектеп, 11 шағын орталық, 20 мәдениет мекемесі жабылып қалды.

 

Көбіне әлеуеті төмен ауылдар қаңырап бос қалуда. Өңірімізде ондай елді мекендер 25-ке жетті. Аса өзекті мәселені шешуде үлкен күш жұмсау керек деді облыс әкімі. Бірінші кезекте “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланған жөн. Бюджетте артылған қаржыны жолдар мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге бағыттау керек.

Жиын соңында селекторлық байланысқа “ҚазАгро” холдингінің өкілдері шықты. Биылдан асыл тұқымды бұқа иемденудің жаңа мемлекеттік қолдау тетіктері жүзеге асып жатыр. Бүгінде бір аталығының құны 102 мың теңгені құрайды. Бір жылдан кейін зеңгі баба төлін бағып күтуге 104 мың теңге субсидия бөлінетін болды. Бұл жергілікті ірі қараны асылдандырудың таптырмас жолы.

 

Жеңіс Ермұқанов