Қоғам

Мемлекетке берешегі бар 250 солтүстікқазақстандыққа шетелге шығуға тыйым салынды

 

 

Үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында өкілетті орган өндірісіне 93,8 млрд теңгенің 55822 ісі түскен. Қарызды өндіру үшін сот орындаушылары борышкер азаматтарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартып, заң аясындағы шараларды қолға алған.

 

Батырбек Қалабаев, СҚО сот актілерін орындау департаменті жетекшісінің орынбасары:

-2014 жылдың алғашқы 3 айында сот орындаушылары борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі 163 материалды сотқа жолдады. Соның ішінде 157 материал қаралып, оның нәтижесі бойынша 145 тұлға жауапқа тартылды. Оның ішінде 121-і әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелсе, ал қалған 24-і қамауға алынған.

 

Азаматтардан алимент өндіру жағы ақсап тұр. Борышкерлер қарызын өтеуге асықпайды. Олардың көпшілігі тұрмыс жағдайы төмен, не ішімдікке салынған тұрғындар екен. Алайда араларында алимент төлеуден жалтаратын ауқатты азаматтар да анықталып отыр.

 

Қарлығаш Абаева, СҚО сот актілерін орындау департаментінің алимент төлемдерін өндіру бөлімінің аға сот орындаушысы:

-Петропавл қаласы бойынша азаматтар өз балаларына 100 млн теңгедей қарыз. Міндетті берешекті төлеуден жалтарған борышкерлер өзінің жалақысы жайында жалған ақпарат береді. Осы тұрғыда сот орындаушы борышкердің жұмыс орнындағы бухгалтерлік есепті тексереді. Егер заңбұзушылықтар анықталып жатса, азамат жұмыс жасайтын мекеме басшылығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

Ал ай сайын коммуналдық қызметтерді өтеуден қашатын қала тұрғындарының саны анағұрлым көп. Сот орындаушыларының қарауында бұған қатысты 28 млрд. теңгенің 8 мыңнан астам ісі қарауда жатса, жыл басынан 1000 шақты іс бойынша қарыз өндірілген.

 

Анатолий Зосько, СҚО сот актілерін орындау департаментінің жеке тұлғалардан қарыз өндіру бөлімінің аға сот орындаушысы:

-Тұрғындардың негізінен “Севказэнерго” мен “Қызылжар су” мекемелеріне қарыздары жиналған. Қазір жаңа жүйеге сәйкес өтелмеген коммуналдық төлемдері бар тұрғындар борышты төлеу жайында ескертпе қағаз алады. Егер ескертулер бірнеше рет елеусіз қалса, сот орындаушылары борышкердің жылжымалы не болмаса жылжымайтын мүлкін тәркілеуге құқылы.

 

Қарызынан құтылуға асығатын борышкерлердің саны бірен-сараң. Көпшілігі төлемнен жалтарып қалудың қамын ойластырады. Осыған байланысты бүгінде борышты өтеу тұрғысында заң күшейген. Мысалы, мемлекет алдында берешегі бар 250 солтүстікқазақстандыққа шетелге шығуға тыйым салыныпты. Тағы 7-уі қылмыстық, 300-і әкімшілік жауапқа тартылған.

 

Бақыт Сәдуақасов