Без категории

Киров атындағы зауыт соғыс жылдары қорғаныс кәсіпорындарының бірі болған

 

 

“Киров атындағы зауыт” АҚ мұражайы 1966 жылы ашылыпты. Бүгінде мұнда тарихы бай кәсіпорынның өткенінен сыр шертер мыңнан артық жәдігер қойылған. Жартысына жуығы ҰОС жылдарымен тікелей байланысты. 1941 жылы Мәскеудің қорғаныс зауыты Петропавлға көшірілген болатын. Сол сұрапыл соғыс жылдары өндіріс орнында майданға қажетті әскери өнімдер шығарылды. Негізінен Кеңес жауынгерлеріне аса қажет радиостансалар мен қару-жарақтың бөлшектері құрастырылды.

 

Геннадий Лукошевич ,“Киров атындағы зауыт” АҚ еңбек ардагері:

– Қоныс аударғанына 4-ақ ай өткен зауыт сәуірде алғашқы өнімін майданға жөнелтті. Мына радиостанция мен дыбыс қабылдағыш құрылғылар сарбаздардың жоғарғы бағасына ие болды. Аса қауырт кезеңде бұл сапалы байланыс қондырғылары талай дивизия жауынгерлерінің өмірін сақтай білді. Ұрыс кезінде маңызды ақпар таратып, қантөгістің оңтайлы шешілуіне мүмкіндік жасады. Жау сигналдарын қағып алатын штопр пилингациясы да біздің зауыттың өнер табысы.

 

Бүгінде әлем мұражайларының құнды жәдігеріне айналған петропавлдық соғыс өнімін қас бетіндегі ақ аю белгісінен тануға болады. 1942-45 жылдар аралығында тек радиостанцалардың ғана 34700 данасы қан майданға аттандырылған. Ел басына күн төнгенде заманынан озған қондырғыны тылда қалған нәзік жандылар мен бесіктен белі енді шыққан жасөспірімдерге жинауға тура келді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп шырылдаған жандардың еңбегі жоғары бағаланды.

 

Геннадий Лукошевич, “Киров атындағы зауыт” АҚ еңбек ардагері:

– Белгіленген жоспарды 2-3 есе асыра орындаған бригадалар көп болды. Олардың бірі өңкей әйелдерден құралған Мария Попованың қол астындағы жұмысшылар. Бұл бригадаға “Гвардиялық” деген атақ берілді. Ерен еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің грамотасымен марапатталды. Мына хатты олардың өнімінің шарапатын татқан сарбаздар жазды.

 

Сұрапыл жылдардағы 1088 зауыттық «Ерен еңбегі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Бүгінде кәсіпорында еңбек еткен 5 ардагер мен 28 тыл еңбеккерінің ғана көзі тірі. Олардың қолымен 1949 жылы теңіз флотында бүгінге дейін қолданыста жүрген “Мельник” радиоқабылдағышы құрастырылыпты. Ол үшін өнертапқыш жерлестеріміз мемлекеттік награда алған. 80-90 жылдары барша қазақстандықтың сұранысына ие болған “Медеу” үн жазбасы да жергілікті зауыттың өнімі.

73 жылдық тарихы бар өндіріс ошағының жұмысы еш уақытта тоқтаған жоқ. Қазіргі күні бейбіт өмірге қажет құрылғыларды әзірлейді. Негізінен озық үлгідегі сандық радиотаратқыш қондырғылары.

 

Жеңіс Ермұқанов