Білім

Брифингте білім беру сапасы туралы сөз болды

 

Білім беру саласындағы бақылау департаментінің мамандары өткен 2013 жылы өңірдегі 9 балабақшаны мемлекеттік аттестациядан өткізген. Тексеріс барлығында білім беру қызметінің сапалы, мемлекеттік стандарттарға сай екені дәлелденді. Ал, биылғы жылы 20 балабақша мемлекеттік сынақтан өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, мұндай тестілеуді былтыр техникалық және кәсіби білім беретін мекемелердің 75 пайызы тапсырып, жақсы нәтижеге қол жеткізген. Айта кету керек мемлекеттік аттестациядан өте алмаған білім беру мекемелері 6 айдан соң қайта сынақ тапсырады. Екінші берілген мүмкіндікте де сүрініп жатса, лицензиясынан айырылып, жұмысын тоқтатпақ.

 

Ерлан Әбелдинов, СҚО бойынша білім саласын бақылау департаментінің басшысы:

– Биылғы жылы мемлекеттік аттестациядан Петропавлдағы теміржол көлігі колледжі өтті. Енді, алда бұл сынақты өнер және агротехникалық колледждер тапсырады. Былтыр жалпы орта білім беретін саладағы мектептердің 87-сі аттестациядан өте алмаған болатын. Биыл олар сынақты қайта тапсырды. Араларында тестілеуден сүрінгендер жоқ.

 

Брифингте ҰБТ жайы да сөз болды. Өкінішке қарай жыл өткен сайын осы сынақтан өтуге бел буатын мектеп түлектерінің саны азайып келеді. Мәселен, 2012-інші жылы мектеп тәмамдағандардың тек 61 пайызы ғана ҰБТ тапсырған. Ал, 2013 жылы бұл көрсеткіш тағы 7 пайызға төмендепті. Тілшілер қауымын алаңдатқан да осы мәселе болды. Өйткені, педагогтар мектеп бітіруші түлектердің оқу үлгерімі төмен болса, ҰБТ жібермейтін көрінеді.

Ерлан Әбелдинов ешқандай мұғалімнің оқушының жолын байлауға құқығы жоқ деп жауап берді. Заң бойынша кез келген түлек өзі таңдау жасауы керек.

Жергілікті тілшілерді алаңдатқан мәселелер аз болған жоқ. Ол жалпы білім беретін мекемелердің қаншалықты жиі тексеріліп тұратындығы, педагогтардың біліктілігі, 3 ауысымды мектептер туралы сөз қозғалды. Брифинг соңында Ерлан Әбелдинов ата-аналардың білім беру жүйесі және мекемелерге қандайда бір шағым мен өтініштері болса, еш жасырмастан жазу қажеттігін айтты.

 

Бану Ахметова