Қоғам

Бизнесменге кәсіпкерлер палатасы көмек көрсетті

 

 

«Савчук» жеке кәсіпкерлігі жүк тасымалымен 8 жылға жуық уақыт айналысады. Шағын және орта бизнес субъектісінде бүгіндері 7 фура бар. Ресей мен Қазақстан арасында халық тұтынатын тауарларды жеткізетін кәсіпорын жақында сондай сапарларының бірінде қиындықтарға тап болған. Оқиға ақпан айында орын алыпты. Олардың Алматыдан әкеле жатқан жүгін Жамбыл облысындағы Қордай ауданында кеден қызметкерлері тоқтатыпты.

 

Нұрлан Тутуев, «Савчук» ЖК механигі:

– Бұндай жағдайға алғаш кезігіп отырмыз. Көлігімізді тоқтатқан кезде қызметкерлер азаматтық киімде болды. Оның үстіне өздерін еш таныстырмастан, еш құжат көрсетпестен бізбен тілдесті. Кейін еш нәрсе түсіндірместен құжаттарымызды алып кетті. Сосын машинамызды тұрақжайға қойды. Жүргізушілерімізге шекара қызметіне хабарласып, шетелге шықтыңдар ма, жоқ па, соны анықтаймыз деп айтыпты. Сондықтан біздікілер 15 күн сол жауапты күтті.

 

Жүгі өзге аймақта қалып қойған кәсіпкер кеденшілердің заңсыз әрекетін дәлелдеу мақсатында талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Ақырында шағын және орта бизнес өкілдеріне пана болған кәсіпкерлер палатасына жүгінеді.

 

Асқар Махмет, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

-Біз қаржы полициясы және прокуратура органдарымен жасалған меморандум аясында жағдайдың анық-қанығын білдік. Олар бизнес субъектісі контрабанда жолымен тауар әкеле жатыр деп, іс қозғапты. Кәсіпкер өзінің контрабандамен айналыспайтынын және шекара асып тауарды өзге жақтан емес Алматыдан әкеле жатқанын дәлелдеді. Олар ешқандай құқықбұзушылық жасамаған. Біз тағы кәсіпкерге заң шеңберінде аталмыш кеден қызметкерлеріне қатысты прокуратура мен қаржы полициясына өтініш жасауға көмектестік.

 

Жүгін 64 тәулік бойы айып тұрағында аялдатуға мәжбүр болған кәсіпкер  қазір материалдық шығын өндіріп алу үшін істі сотқа бермек. Жалпы жыл басынан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегіне 150 шағын және орта бизнес өкілі жүгінген.

 

Мағжан Ахмадина