Қоғам

Жұмыс орнындағы қауіпсіздік

 

Ең алдымен жиналғандар кәсіпорындар мен зауыттарда қызметкерлерге берілетін арнайы киімдердің көрмесін тамашалады. Мұнда көзілдіріктер, бас және аяқ киім үлгілері мен қолғаптар да ұсынылыпты. Бұлардың барлығы жұмыс орындарында болатын оқыс жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

 

Амантай Сейфуллин, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Адамдардың қауіпсіздігін сақтауға үйрету үшін, сақ қарау үшін осы семинарды өткізіп отырмыз.Былтырғы жылы 73 адам зардап шегіп, солардың 13-і өлім құшты. Сондай жағдайлардың алдын алу үшін әр тоқсан сайын сондай семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда қауіпсіздікті сақтауға байланысты үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

 

Жалпы жыл басынан өңір кәсіпорындарында 9 қайғылы оқиға тіркелді. Нәтижесінде 3 адам қаза тауыпты. Сондай оқыс жағдай ағымдағы жылы қыста «Қызылжар су» ЖШС орын алған. Онда кәріздік желіні жөндеу барысында мекеменің екі қызметкері мерт болды. Сушылар кәсіпорында жұмыскерлердің қауіпсіздігі қорғалған дейді. Олар арнайы киімдермен жарақталып, бар керекпен қамтылған көрінеді.

 

Қабжан Елемесов, «Қызылжар су» ЖШС техникалық қауіпсіздік жөніндегі бөлім басшысы:

– Киім-кешектермен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Улы газдарды қолданған кезде және кәріздік құбырларды тазалаған кезде, арнайы газоанализатор қолданылады. Жұмыс істеп жатқан жердегі газдың өлшемі тексеріледі.Тиісті мөлшерден көп болса, противогаздар беріледі.

 

Көп жағдайда жұмыс орындарында болатын оқыс оқиғаларға жұмыс берушілердің салғырттығы себеп болады екен. Яғни, механизмдердің істен шығуына көз жұма қараған басшылар қоластындағылардың өмірін қатерге тігетін көрінеді. Өткен жылы еңбек инспекциясының мамандары өңіріміздегі 737 кәсіпорынды тексеріп, 2 мыңға жуық еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтаған.

 

Мағжан Ахмадина