Балалар

Халықаралық кітап күніне арналған қайырымдылық шарасы

 

 

Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің оқушысы Салтанат Хамзина ботаникалық бақтың жыл бойы жайқалып өсетін жасыл желектерін жиі аралайды. Бұл жолы «Қызылжар» оранжереясының кішкене қонағы шағын базарлығын ала келіпті.

Әлемнің флорасы мен фаунасынан сыр шертер танымдық әдебиеттерді өңір оқушылары арнайы жинаған. Жасөспірімдерді қайырымдылыққа үндейтін игі шараны Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар кітапханасының ұжымы ұйымдастырыпты.

 

Сара Сыздықова, Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі:

– «Табиғатты сүйейік» акциясында оқырмандарымыз бізге қоршаған орта жайындағы кітаптарын тапсырды. Жиылғанның бір бөлігін әріптестік орнатқан ботаникалық баққа сыйлауды жөн көрдік. Сондай-ақ балабақшалар мен балалар үйлеріне, көпбалалы отбасыларға үлестіреміз. Бастысы оқушыларды табиғатты аялауға баулу.

 

Сұлу табиғатта кезігетін экзотикалық өсімдіктер мен ерекше аң құс жайындағы энциклопедиялар енді ботаникалық бақтың мұражайынан орын тебеді.

Кейін оқушылар әлем табиғатының шағын үлгісі іспеттес көрнекті мекенге саяхат жасады. Мұнда жылдың төрт мезгілінде солмайтын тропиктік және субтропиктік өсімдіктердің мыңнан артық түрі өсіріліп күтіледі. Кейбір ерекше тұқымдастары 100 жасапты. Экзотикалық бақ қаламыздағы Машина жасау колледжімен де әлеуметтік келісімге тұрған. Орта кәсіптік білім беру мекемесінің студенттері 2 Га жерді алып жатқан оранжереяны қыстан қалған қалдықтардан арылтып жатыр.

 

Жеңіс Ермұқанов