Қоғам

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске тылда қалғандар да мол үлес қосты

 

Мұражай қызметкері Вера Андрееваның айтуынша, соғыстың алғашқы айында ұрыс даласына 40 мың солтүстікқазақстандық еш дайындалмастан жіберілген. Соның салдарынан біразы оққа ұшып, жаралы қайтып жатты. Петропавл қаласында сол жараланғандарды қабылдайтын үш госпиталь шұғыл құрылады. Аурухананы сол кезде эвакогоспиталь деп атаған. Оңалту орталығындағы дәрігерлердің дені жас қыздардан жасақталған. Арасында Галина Старовойтова да болды. Ол хирургия бөлімшесінде ординатор міндетін атқарған.

 

Вера Андреева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

-Сонау 41 жылдың аяғында үсіген, есінен адасқан, аяқ-қолынан айрылған жаралыларға эвакогоспитальдарда орын жетпеген. Сонда дәрігерлер еденге шөп төсеп, төсек жаймамен жауып, Отан қорғаушыларды соның үстіне жатқызуға мәжбүр болған. Олардың қамын ойлап Галина Старовойтова кейде 5 түн бойы көз ілмеген. Ержүрек солдаттар жазылысымен-ақ соғысқа қайта сұранған. Сарбаздардың осы қайтпас-қайсарлығын Галина есінде сақтап, бәрін көзі тірісінде бізге айтып кетті.

 

Соғыс жылдарында Отан қорғаушылардың жағдайын 10 жасар баладан колхоз басшысына дейін ойлаған. Мәселен, Ленин ауданы Жаңалық колхозының 1-ші төрағасы Төлеген Темірбаев 1943 жылы қорғау қорына танк құрастыру үшін 130 мың рубль берген.

 

Вера Андреева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

-Соғыстың алғашқы 4 айында қала тұрғындары қорғау қорына 1 млн. рубльді ақшалай және 2,5 млн рубльді аблигациямен берді. Одан бөлек 161 грамм алтын, 9,5 келі күміс пен 4 келі өзге қымбат әшекейлерді ортақ қорға тапсырды. Мәселен, Теплековтар жанұясын айтатын болсақ, олар қорға 110 мың рубль аударған. Олардан майдан даласына 9 ер адам аттанған.

 

1941-45 жылдар аралығында солтүстікте 20 шақты өндіріс ошағы жұмыс істеген. Онда тек әйелдер мен 10 жастан асқан балалар еңбек еткен. Тапқан табысын ақшалай емес, мына “Заборная книга” кітапшасымен азық-түлік пен керек-жарақтарын айына бір рет есеппен алып отыратын болған. Сонда да ауызынан жырып, біразын майданға сәлемде ретінде жіберіп отырған. Осы жәшік туғаны, әкесі не баласына емес, кез-келген сарбазға жолданған.

 

Татьяна Ланьщикова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

-Сәлемдеменің ішіне кез-келген солдатқа жазған хаты, биялай, жылы шұлғы, шарф, сабын, қарындаш, кептірілген нан, печенье болған. Сол кезде тылда жұмыс істеген еңбеккерлер бұқтырылған сиыр етін көбірек алатын. Сондықтан жартысын солдаттарға жіберіп отырды. Мынау, кисета деп аталатын дорба. Оған темекі мен қағаз салған. Және сыртына міндетті түрде аман-сау қайт деген жазу жазып жіберген.

 

Осы және өзге де мағлұматтарды мұражай қызметкерлері келушілерге “Мұражай сабағы” деген арнайы көрме аясында түсіндіріп жатыр.

 

Берік Қасен